— Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет. Бұл — дұрыс. Алайда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты аттары бөлек, бірақ заттары бірдей бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты. Мәселен, қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл — ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» болған бір кездері және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылды. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалды. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл — заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек, — деді Мемлекет басшысы.
Сондықтан Президент Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс екенін баса айтты.
— Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндетті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл — мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр. Тиісті министрліктің мәліметі бойынша, тек былтырдың өзінде «Ауыл — ел бесігі» бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны — 173 миллиард теңге.
Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңартылды.
— Енді осы жұмыстың нәтижесін тексеру керек сияқты. Неге мен бұл мәселені арнайы қозғап, қазбалап айтып тұрмын? Себебі бұрын бәріміз адамдарды қуантатын, керемет, тіпті мінсіз ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық. Сосын дұрыс статистикалық мәлімет берілді екен деп, сылтау тауып, мәселені алыс сөреге ысырып қоя салатын едік. Біз ондай жағдайға жол бермеуіміз керек, құрметті әріптестер, — деді Мемлекет басшысы.
Президент «Халықтық құрылыс» бағдарламасы ауыл аймақтардың одан әрі дамуына жаңаша серпін беруі тиістігін баса айтты.
— Бұл орайда ауылдардың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға айрықша назар аудару қажет. Әсіресе ірі шаруа қожалықтары орналасқан аудандардағы инженерлік желілерді жетілдіріп, олардың сапалы жұмысына қажетті кіреберіс жолдарды салу керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
