Жазира Байырбекова перзентхана алдында сәбиді салтанатпен қарсы алуға тыйым салуды ұсынды
Жазира Байырбекова перзентхана алдында сәбиді салтанатпен қарсы алуға тыйым салуды ұсынды. Ол бұл пікірін әлеуметтік желідегі парақшасында білдірді.
Сурет: alash.kz
Қазақстандық белгілі әнші Жазира Байырбекова перзентхана алдында сәбиді музыканттар мен аниматорларды шақырып, айрықша салтанатпен қарсы алуға тыйым салуды ұсынды. Бұл пікірін ол әлеуметтік желідегі парақшасында білдірді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Өнер иесінің айтуынша, перзентхана — қуаныштың ғана емес, кейбір отбасылар үшін ауыр сынақтың орны. Бір палатада жаңа өмір есігін ашқан ана жатса, екіншісінде біреу ауыр қайғымен бетпе-бет келуі мүмкін. Сондықтан айналадағы адамдардың көңіл-күйін ескеру — әркімнің парызы деп санайды.

«Перзентхананың алдында, музыканттар мен аниматорларды шақырып, сәбиді сән-салтанатпен қарсы алуды дұрыс деп санамаймын. Өйткені перзентхана – тек қуаныштың емес, кейбір отбасылар үшін ауыр сынақтың да орны. Бір бөлмеде жаңа өмір есігін ашып жатса, екінші бөлмеде біреу үлкен қайғыны бастан өткеріп жатуы мүмкін. Осындай сәттерде айналадағы адамдардың көңіл күйін де ескерген дұрыс», — дейді ол.
Оның ойынша, мұндай қуанышты отбасы аясында, үй жағдайында тыныш өткізген немесе нәрестенің 40 күндік тойын күткен әлдеқайда жарасымды. Перзентханада әртүрлі жағдайдағы, соның ішінде сәбиінен айырылып, қайғыға батқан аналардың да бар екенін естен шығармаған жөн.
Әнші: «Перзентханадағы әрбір ананың арманы — дүниеге дені сау сәби алып келу. Сол сәбиді қарсы алу үшін туыстары перзентхананың алдында тойлап жатады. Ал ол жердің ішінде әртүрлі жағдайдағы аналар бар екенін ескере ме?! Ол жерде сәбиін жоғалтып жатқан аналар бар», — деп атап өтті.
