Алихан Смаилов студенттер жатақханасындағы орын тапшылығын шешуді тапсырды
Алихан Смаилов студенттер жатақханасындағы орын тапшылығын жою жұмыстарын тапсырып, биылғы 37 нысанды мерзімінде пайдалануға беруді ескертті.
Сурет: ulysmedia.kz
Студенттер жатақханасындағы орын тапшылығы мәселесі уақтылы шешілмесе, жағдай одан әрі нашарлай түспек. Бұл туралы премьер-министр Алихан Смаилов мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
«Көптеген университет басшылары студенттердің тұру жағдайын қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттемелерінен іс жүзінде бас тартты. Өз кезегінде ғылым және білім министрліктері университеттер мен колледждердің өзге қалалардан келген студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету талаптарын орындауын бақыламайды. Бұл жұмыс әкімдіктермен нашар үйлестірілген», — деді үкімет басшысы.
Кабинет басшысының сөзіне қарағанда, оқуға түскен студенттер жатақханада орын жоқ екенін тек келгеннен кейін біледі, сондықтан сабаққа дайындалудың орнына баспананы өздігінен іздеуге мәжбүр болады.
Алихан Смаилов 1 қыркүйекке дейін студенттерге жатақханадан барынша орын бөлу жұмысын жүргізуді, сондай-ақ биылғы жылы жоспарланған 37 нысанды уақытында пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Ол ғылым және жоғары білім министрі, ағарту министрі және өңір әкімдерінің бұл үшін дербес жауапты екенін атап өтті.
