Ұлттық банк қолдан ең көп жасалатын купюраны атады
2026 жылдың алғашқы алты айында айналымнан жалпы сомасы 259 мың 400 теңге болатын 57 жалған ақша белгісі анықталды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Қазақстан Ұлттық Банкінің мәліметінше, оның 49-ы банкнота, 8-і монета. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 68,4 пайызға төмен.
Өткен жылы алғашқы 6 айда 96 жалған ақша белгісі тіркелген. Қолдан жасалған ақшалардың ішінде ең көбі – 2 мың теңгелік банкноталар. Мамандар биыл осындай 22 жалған купюраны анықтаған. Бұл барлық анықталған жалған ақша белгілерінің 38,6 пайызын құрайды.
Сондай-ақ алаяқтар 10 мың теңгелік банкноталарды да қолдан жасаған. Мұндай 16 жағдай тіркелді. Ал 5 мың теңгелік банкноталардың 11 жалған нұсқасы анықталған. Қалған 14 пайызы монеталарға тиесілі.
Мамандардың айтуынша, жалған ақшаны ажырату үшін банкнотаның қорғаныш белгілеріне назар аудару қажет. Қолдан жасалған купюраларда майда жазулар көбіне бұлыңғыр болады, сутамғы белгісі болмайды.
Сонымен қатар қорғаныш жіптің динамикалық және түс ауыстыратын әсері, голографиялық элементтердің ерекшеліктері кездеспейді. Ұлттық банк әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде ұлттық валютаға ұқсайтын, бірақ төлем құралы болып саналмайтын баспа өнімдерін сатуға қатысты жарнамалар бар екенін ескертеді.
«Мұндай өнімдердің сыртында «ПРАЗДНУЕМ ВМЕСТЕ!» немесе «НЕ ЯВЛЯЕТСЯ ПЛАТЕЖНЫМ СРЕДСТВОМ» деген жазулар кездеседі. Сондықтан қолма-қол ақша пайдаланған кезде банкноталарды мұқият тексеру маңызды. Күмән туғызатын ақша белгісі қолға түссе, оны пайдаланбай, құқық қорғау органдарына хабарлаған жөн», – делінген ресми хабарламада.
