Күніне 30 минуттан артық отыру қатерлі ісік қаупін арттырады – зерттеу
Глазго университетінің зерттеуі бойынша, күніне 30 минуттан артық үздіксіз отыру қатерлі ісік қаупін арттырады. Физикалық белсенділік қауіпті төмендетеді.
Сурет: tengrinews.kz
Күніне 30 минуттан артық үздіксіз отыру қатерлі ісіктің даму қаупін арттырады. Мұндай нәтижеге Шотландиядағы Глазго университетінің жетекшілігімен халықаралық ғалымдар тобы жүргізген зерттеу көрсетті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Зерттеушілер UK Biobank биологиялық материалдар мен Ұлыбритания тұрғындарының денсаулығы туралы мәліметтер қоймасынан алынған 91 292 адамның деректерін талдады. Қатысушыларды бақылау орта есеппен 12 жылға созылды. Нәтижелер PLOS Medicine медициналық журналында жарияланды.
«Отырықшы өмір салтымен байланысты қатерлі ісіктің даму қаупі оның ұзақтығына байланысты… Ұзақ отырықшы мінез-құлық деп кемінде 30 минут бойы отыру кезеңі қарастырылды», – делінген жарияланымда.
Ғалымдар сондай-ақ отырудың әрбір қосымша сағаты қатерлі ісіктен өлу қаупін 10 пайызға арттыратынын анықтады. Ал отыруды үзетін әрбір қосымша сағат қатерлі ісіктен өлу ықтималдығын 19 пайызға төмендеткен.
Дегенмен, күніне 30 минут отыруды орташа қарқынмен жүру сияқты физикалық белсенділікпен алмастыру қатерлі ісіктен өлу қаупін 8 пайызға төмендеткен.
«Отырықшы мінез-құлықты физикалық белсенділікпен алмастыру қатерлі ісіктен өлу қаупінің төмендеуімен байланысты болды: бір сағат жеңіл физикалық белсенділікпен алмастырылғанда көрсеткіш 12 пайызға, ал бес минут қарқынды физикалық белсенділікпен алмастырылғанда 22 пайызға төмендеді», – деп қосады зерттеу авторлары.
Мақалада ұзақ отыру қатерлі ісіктің қай түрін қоздыратыны нақтыланбаған.
