Туризмді дамыту: Алматыда Цзянсу провинциясының мәдениет және туризм күндері өтіп жатыр

Алматыға Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чансин бастаған ресми делегация келді. Сапар Цзянсу провинциясының мәдениет және туризм күндері аясында ұйымдастырылып, оған Алматы қаласының Туризм басқармасы қолдау көрсетті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалдымен өткен кездесуде туризм, мәдениет, инвестиция және сауда-экономикалық байланыс саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктері талқыланды.

Қала тұрғындары мен қонақтары үшін шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламалары, материалдық емес мәдени мұра нысандарының көрмесі, сондай-ақ Цзянсу провинциясының туристік әлеуеті мен заманауи жетістіктерінің таныстырылымдары ұйымдастырылды.

Қытай Алматы үшін негізгі туристік нарықтардың бірі саналады. 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша ҚХР-дан келген туристер саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14%-ға артып, 23 890 адамға жетті. Бұл қытайлық саяхатшылардың Алматыға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.

Іс-шара Алматы мен Қытай өңірлері арасындағы серіктестікті нығайтуға, мәдени байланысты кеңейтіп, туристік әлеуетті дамытуға ықпал етеді.

Фото: Алматы әкімдігі

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика