Түркістан облысында жұмыстан қуылған мұғалім сот ғимаратында өзіне қол салмақ болды

Түркістан облысында жұмыстан қуылған мұғалім сот ғимаратында өзіне қол салмақ болды

Сурет: ult.kz

Түркістан облысында жұмысынан заңсыз босатылған мұғалім сот ғимаратында өзіне қол салмақ болды. Ордабасы ауданында болған оқиғаға педагогтың сот үкімімен келіспеуі себеп болған деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.

Әлеуметтік желіде тараған мәліметтерге сәйкес, 24 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Х. Ерімбетов биыл қаңтар айында мектеп әкімшілігінің шешімімен жұмыстан шығарылған. Бұл шешіммен келіспеген ол еңбек құқығының бұзылғанын алға тартып, Түркістан облыстық еңбек инспекциясына шағымданған.

Еңбек инспекциясы тексеру нәтижесінде жұмыс берушінің әрекетін заңсыз деп танып, мұғалімді қызметіне қайта алу туралы екі рет нұсқама берген. Алайда мектеп әкімшілігі бұл талапты орындамаған.

Осыдан кейін педагог сотқа жүгінген. Бес айға жуық уақыт жұмыссыз қалған азаматтың ісі ұзаққа созылған. 28 мамырдағы сот отырысында ол судьяға қарсылық білдіріп, залдан шығып кеткен. 3 маусым күні сот оны «сотқа бағынбау» бабы бойынша кінәлі деп танып, бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарған.

Сот үкімі оқылғаннан кейін ұстаз өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Қазіргі таңда ол Ордабасы аудандық орталық ауруханасында ем алып жатыр. Ресми органдар оқиғаға қатысты әзірге түсініктеме берген жоқ.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика