Бір телефонмен тіркелген екі компания қалайша миллиардтаған тендерді ұтып жүр?

Фото: Мәжіліс

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының төңірегінде тағы бір сұрақ туындады. Тендерге қатысып жүрген «Тұмар» мен «Ақназар» атты екі компанияның байланыс нөмірі бірдей екені айтылып отыр. Соған қарамастан, екеуі де ірі келісімшарттарды ұтып алып келеді. Бұл жағдай Мәжілісте көтерілді.

Депутат Бақытжан Базарбек компания басшылығына нақты сұрақ қойды: бір телефонмен тіркелген екі ұйым қалайша миллиардтаған тапсырыстарды иеленіп отыр?

Ал Қазатомөнеркәсіп өкілі бұл салаға кез келген кәсіпорын кіре бермейтінін айтып, уран өндірісінің ерекшелігіне сілтеме жасады. Дегенмен, нақты түсініктеме берудің орнына «жұмыс барысында анықтаймыз» деген жауаппен шектелді.

Бұл жағдай мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі ашықтыққа қатысты жаңа күмән тудырып отыр. Бір байланыс дерегі бар компаниялардың қатарынан жеңіске жетуі – жай сәйкестік пе, әлде жүйелік мәселе ме? Сұрақ әзірге ашық күйінде қалды.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика