Қытайдың Шэньчжэнь қаласында әлемдегі ең ірі электромобиль өндірушілердің бірі – BYD компаниясының зауытында ірі өрт шықты. Бұл оқиға жаһандық нарықта айтарлықтай өзгерістерге әкелуі мүмкін, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
BYD – тек электромобиль ғана емес, сонымен қатар батарея өндірісі бойынша да әлемдік көшбасшылардың бірі. Зауытқа келген зақымның ауқымына байланысты компанияның өндіріс көлемі уақытша азайып, бұл өз кезегінде жаңа көліктердің жеткізілімінде кідіріс тудыруы ықтимал.
Әлеуметтік желілерде тараған видеолардан өрттің ауқымды болғанын көруге болады. Қазіргі уақытта мамандар өрттің шығу себебін және келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр. Компания тарапынан ресми мәлімдеме әзірге жарияланған жоқ.
Сарапшылар бұл жағдай электромобиль нарығындағы бағаға әсер етіп, уақытша тапшылыққа соқтыруы мүмкін екенін болжайды. Себебі BYD – әлемнің көптеген еліне, соның ішінде Қазақстанға да көлік жеткізетін ірі ойыншы.
Фото: Әлеуметтік желіден
