Венгриядағы сенсация: Орбанның бұрынғы серігі билікке келді

Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан парламент сайлауында жеңіліс тапқанын мойындап, оппозиция жетекшісі Петер Мадьярды жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Дауыс беру бюллетеньдерінің шамамен 60%-ы өңделгеннен кейінгі алдын ала нәтиже бойынша, Мадьярдың «Тиса» партиясы 199 орындық парламентте 136 мандатқа ие болып отыр. Ал Орбан басқаратын биліктегі «Фидес» партиясы шамамен 56 орын алады.

Петер Мадьяр – билікке жат адам емес. Ол 20 жылдан астам уақыт «Фидес» партиясының мүшесі болып, Сыртқы істер министрлігінде және премьер-министр аппаратында жұмыс істеген. Оның саяси бетбұрысына 2024 жылғы даулы оқиға себеп болды.

Сол кезде педофилия ісі бойынша сотталған адамға рақымшылық жасауға байланысты жанжал туындап, оның бұрынғы жұбайы, сол кездегі әділет министрі Юдит Варга отставкаға кеткен еді. Осыдан кейін Мадьяр бұрынғы партиясын жемқорлықпен ашық айыптап, оппозиция қатарына өтті.

Енді «Тиса» партиясының жетекшісі жемқорлықпен қатаң күрес жүргізуге, денсаулық сақтау саласын реформалауға және Ресейдің энергетикалық ресурстарына тәуелділікті азайтуға уәде беріп отыр.

«Бұл біз Ресейден мүлде бас тартамыз деген сөз емес. Бұл – біз ең арзан әрі қауіпсіз ресурстарды табамыз дегенді білдіреді. Энергетикалық дағдарыс жағдайында Венгрияның қажеттіліктерін қамтамасыз ететін көптеген нұсқамыз болады», — деп мәлімдеді Мадьяр.

Бұл жолғы сайлауға халықтың қатысуы соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика