Қазақстанда педагогтердің білімін бағалауға арналған тест толығымен жойылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, бұл уақытша шара емес, нақты қабылданған түпкілікті шешім. Енді бұл сынақты тек педагогикалық мамандықтар бойынша университет бітірген түлектер ғана тапсырады.
«Олар мамандыққа жаңадан келіп жатқандықтан, біз олардың білім деңгейін білуге міндеттіміз. Сондықтан бұл тесті енді тек ЖОО түлектері, яғни кәсіпке жаңа қадам басқан жас мамандар тапсырады», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Ведомство басшысы бұған дейін 51 мың педагогтің аталған тестілеуден өтіп, шекті балды жинап үлгергенін атап өтті. Олар аттестаттаудан бұрынғы тәртіппен өтіп, барлық талапты орындаған жағдайда тиісті үстемақыларын ала береді.
Бұдан бөлек, аттестаттау рәсіміне тағы бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді мұғалімдерден авторлық бағдарлама әзірлеп, оны қорғау талап етілмейді. Сондай-ақ қағазбастылықты азайту мақсатында портфолионы қағаз түрінде жинау тоқтатылды. Барлық құжат енді Ustaz деп аталатын бірыңғай цифрлық платформа арқылы жүргізіледі.
Фото: Әлеуметтік желіден
