Астанада Қытай Халық Республикасының елшілігінде өткен брифингте 2026 жылғы «екі сессияда» айтылған негізгі басымдықтар таныстырылып, оның Қазақстанға ықпалы да сөз болды. Кездесуде Қытай тарапы елдің ендігі даму моделі жаппай өсімге емес, сапалы өсімге, инновацияға, экологияға және халықтың тұрмысын жақсартуға құрылатынын ашық айтты. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Брифингте жарияланған мәліметке сүйенсек, 14-бесжылдық кезеңінде, яғни 2021–2025 жылдары Қытайдың жалпы ішкі өнімі жылына орта есеппен 8,4 пайызға өсіп, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары болған. Сондай-ақ жан басына шаққандағы қолда бар табыс жыл сайын орта есеппен 5,1 пайызға артқаны айтылды. Өнертабысқа берілген патент саны әр 10 мың адамға шаққанда 10,6-ға жеткені де Қытайдың экономиканы енді зауытпен ғана емес, білім мен технологиямен сүйреп келе жатқанын көрсетті.
Брифингте Қытай тарапы даму үшін 20 негізгі көрсеткіш айқындалғанын мәлімдеді. Оның ішінде экономикалық өсім, инновация арқылы даму, өндірістің нақты деңгейін көтеру, жасыл экономикаға көшу, табиғатты қорғау, азық-түлік қауіпсіздігі және халықтың әл-ауқатын арттыру бар. Яғни Бейжің енді тек көп өндіруге емес, сапалы, қауіпсіз және ұзаққа баратын өсімге күш салмақ. Бұл Қазақстан үшін жай сыртқы жаңалық емес. Өйткені Қытайдағы әрбір ірі өзгеріс бізге сауда, транзит, өндіріс, инвестиция және технология арқылы міндетті түрде сезіледі.

Қытай өкілдері экономикалық, ғылыми-техникалық және қорғаныс қуатының күшейгенін, сонымен бірге заңнаманы нығайту бағытында да нақты қадам жасалғанын атап өтті. Бұл — инвестор үшін түсінікті ереже, бизнес үшін тұрақты орта, ал серіктес елдер үшін болжамды саясат деген сөз. Қазақстан үшін мұның маңызы зор. Себебі көрші ел экономикасы неғұрлым тәртіпке түссе, шекаралас сауда, логистика және бірлескен өндіріс жобалары соғұрлым жылдам жүреді. Әсіресе Қытай инновацияға негізделген экономикаға ден қойса, Қазақстан үшін шикізат тасушы ел болып қала беру емес, қайта өңдеу, құрастыру, қоймалау, логистика және технологиялық кооперацияны күшейту мәселесі алға шығады.
Брифингте азық-түлік қауіпсіздігі де бөлек аталды. Бұл да Қазақстан үшін маңызды белгі. Өйткені Қытай азық-түлік қауіпсіздігін күшейткен сайын ауыл шаруашылығы, өңделген өнім, экспорт стандарттары және шекаралық жеткізу тізбегі сияқты бағыттарда талап күшеюі мүмкін. Бір жағынан бұл — мүмкіндік. Екінші жағынан, біздің өндірушілер үшін бәсеке мен сапа талабын арттыратын қысым. Сол себепті көрші елдің жаңа бағытына бейімделе алмаған кәсіпорындар ертең нарықтан шет қалуы да ғажап емес.
Қытай тарапы өңірлердің тең дамуына да басымдық беретінін айтты. Бұл ұстаным Қазақстан үшін тағы бір маңызды белгі. Өйткені Қытайдың ішкі аймақтары күшейген сайын сыртқы бағытқа шығатын жаңа логистикалық дәліздер, жаңа өндіріс орындары және жаңа серіктестік форматтары пайда болуы мүмкін. Соның ішінде Қазақстан арқылы өтетін транзиттік бағыттардың рөлі артуы ықтимал. Яғни мәселе тек Бейжің мен Шанхайда емес, ішкі өңірлердің де сыртқы нарыққа ұмтылуында болып тұр.
Брифингте Қытайдың ұзақмерзімді мақсаты ұлттық дамуды жаһандық ықпалмен қатар алып жүру екені де айтылды. Бұл сөздің астарында үлкен саясат жатыр. Қытай енді әлемге арзан тауар шығаратын ел ғана емес, технология, құқықтық жүйе, өндірістік стандарт және жаңа экономикалық модель ұсынатын ел ретінде шығуға тырысып отыр. Ал Қазақстан осы өзгерістің дәл іргесінде отыр. Демек, біз бұл үдерістен тыс қала алмаймыз.
