Жылына 450 рет ереже бұзатындарға жеңілдік болмайды: сенатор

Алматыда үш адамның өмірін қиған жол апатынан кейін депутаттар жүргізушілерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді және әкімшілік рақымшылық жасау шарттарын қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Депутат Бақытжан Базарбек бұл оқиғаны ескере отырып, жүргізушілерге рақымшылық жасау мәселесін талқылау кезінде сақ болуға шақырды.

«Тоқсаныншы жылдардағы талтаңдаған бай балалардың заманы өтті. Бұл – біріншіден. Екінші мәселе – күтіліп отырған рақымшылық. Жақында болған оқиғалар оны талқылау кезінде ескерілуі тиіс. Заң жобасы парламентке түскен кезде, біз мұны міндетті түрде назарға аламыз», – деді Бақытжан Базарбек.

Өз кезегінде сенатор Марат Қожаев жол ережесін үнемі бұзатын жүргізушілерге қатысты қатаң шара қолдану керегін айтты. Оның айтуынша, кейбір қазақстандықтар жылына 200, 300, тіпті 450 рет жол ережесін бұзады екен. Сенатор дәл осы санаттағы жүргізушілер үшін бірінші аптада төленетін айыппұлға арналған 50 пайыздық жеңілдікті алып тастауды ұсынды.

Депутаттың сөзінше, мұндай жүргізушілердің үлесі – жалпы көлік иелерінің шамамен 5 пайызы. Қазір бұл бастама Ішкі істер министрлігі сияқты құзырлы органдар деңгейінде талқыланып жатыр.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика