Пәкістан премьері Тоқаевтың реформасына баға берді: тарихи оқиға

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шарифпен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Әңгіме барысында Шахбаз Шариф Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстанда өткен республикалық референдумның сәтті аяқталуымен құттықтады. Ол бұл оқиғаның мемлекеттік басқару жүйесін нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттырудағы тарихи маңызын ерекше атап өтті.

«Бүкілхалықтық дауыс берудің нәтижесі Қазақстан азаматтарының сіздің саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларыңызды кеңінен қолдайтынын айқын көрсетті», — деді Пәкістан премьер-министрі.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Шахбаз Шарифке жылы лебізі мен референдум қорытындысына берген жоғары бағасы үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар тараптар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан Президентінің биыл ақпанда Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысы сөз болды.

Сұхбат соңында көшбасшылар өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика