2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануы – еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттырып, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге бағытталған маңызды қадам болды. Бұл бастама әсіресе жастарды еңбекке баулу, нақты кәсіпке бағыттау мәселесін алдыңғы қатарға шығарды. Бүгінде еңбек адамы деген ұғым айтарлықтай өзгерді. Ол тек зауыттағы немесе кен орнындағы жұмысшы емес. Бұл – ауылда мал бағып жүрген шопан, егін егіп жүрген дихан, қалада жол салып жүрген құрылысшы, тігінші, пойыз жүргізіп келе жатқан машинист. Яғни, елдің күнделікті тұрмысын қамтамасыз етіп отырған негізгі күш.
Осы орайда мамандар еңбек адамының беделін арттыру – жастарды жұмысқа ынталандырудың ең тиімді жолдарының бірі екенін айтады. Себебі нақты мысал мен шынайы еңбек иелері арқылы жастар өз болашағын айқындай бастайды.
Жастар және еңбек нарығы
Қазақстанда жастар саны 5,8 миллионнан асады. Бұл – ел халқының шамамен үштен бірі. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту және кәсіби бағыттау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі болып отыр.
Соңғы жылдары бұл бағытта оң өзгерістер байқалады. Мәселен, 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлер саны соңғы үш жылда 12,1 пайызға артқан. Бұл мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесін көрсетеді.
Жастар ресурстық орталықтары мен жұмыспен қамту мекемелері де белсенді жұмыс істеуде. Өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында 200-ден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 265 мыңнан астам жасқа жеке кеңес берілген. Әсіресе бұл шаралар ауыл жастары үшін маңызды рөл атқарды.
Кәсіптік білім және жаңа мүмкіндіктер
Жастарды еңбекке баулуда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің маңызы зор. Осы бағытта 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданып, жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласын енгізу жоспарланған.
Бұл құжат техникалық білім беру жүйесін жаңғыртып қана қоймай, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жұмысшы мамандардың мәртебесін арттыруға бағытталған.
Тәжірибе алаңы – WorldSkills
Жұмысшы мамандықтары жылы аясында өткен WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионаты да жастар үшін үлкен мүмкіндік болды. Байқауға еліміздің барлық өңірінен 800-ден астам студент қатысып, 45 түрлі біліктілік бойынша өз шеберліктерін көрсетті. Бұл чемпионат жастардың кәсіби деңгейін арттырып қана қоймай, олардың бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге ықпал етті. Бір жыл ішінде қатысушылар санының 1,5 есеге өсуі де қызығушылықтың артқанын аңғартады.
Еңбек адамына – құрмет
Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арналған форум да еңбек адамын дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды. Іс-шара барысында аграрлық салада еңбек етіп жүрген үздік мамандар марапатталып, олардың қоғамдағы рөлі айқын көрсетілді. Мысалы, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қосқан үлесі үшін «Степное» ЖШС директоры Аманғос Төлеуовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Сонымен қатар, бірқатар сала қызметкерлері мемлекеттік наградаларға ие болды.
Ал жаңа енгізілген «Қазақстанның аграрлық саласының еңбек сіңірген қайраткері» атағы алғаш рет үздік мамандарға табысталды. Олардың қатарында өндіріс басшылары мен қарапайым еңбек адамдары бар.
Сарапшылардың пікірінше, жастарды еңбекке баулуда тек мемлекеттік бағдарламалар жеткіліксіз. Ол үшін нақты еңбек адамдарын үлгі ету, өндіріс орындары мен жастар арасында байланысты күшейту маңызды.
— Мен еңбек адамдарын қатты құрметтеймін. Бұрын тек костюм киіп, шіреніп жүргендер ғана жақсы және солар үлгілі еңбек адамы ретінде қалыптастып келді. Шындығында мемлекетті тіреп тұрғандар нақты жұмыс істейтін еңбек адамдары. Мейлі ол қандай жұмыс болса да еңбек адамына деген құрмет қазір өсті, түсінік өзгерді, — дейді колледж студенті Заңғар Мажретханов.
Мәселен, ауыл шаруашылығы немесе өндіріс саласына қызығушылық танытқан жастар үшін ірі кәсіпкерлермен кездесулер, тәжірибелік бағдарламалар ұйымдастыру – тиімді тәсілдердің бірі. Мұндай формат жастарға мамандықты тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Қазақстанда еңбек адамын қолдау мен насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар жастардың жұмыспен қамтылуын арттыруға, кәсіби әлеуетін дамытуға және олардың ел экономикасына белсенді қатысуына жол ашады.
Ең бастысы – еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру арқылы жастарға нақты бағыт беру. Себебі еңбек – тек табыс көзі емес, ол – ел дамуының негізі.
Фото: ашық дереккөз
