Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар адамдарға құрметпен қарау және қоғамда өзара түсіністік пен қолдау рухын қалыптастыру әділетті әрі инклюзивті қоғам құрудың маңызды бағыттарының бірі саналады. Мұндай азаматтардың өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуіне жағдай жасау – тек әлеуметтік емес, сонымен бірге моральдық міндет. Бұл жағдай кешенді әрі жүйелі жұмысты талап етеді, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпарат агенттігі.
Қазақстан және Орталық Азия Отбасы институтының жетекшісі, клиникалық психолог Эльмира Әлиеваның айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан бұл бағытта айтарлықтай қадам жасап келеді. Елде заңнамалық, әлеуметтік және мәдени деңгейде түрлі бастамалар іске асырылуда.
Қазақстан 2008 жылдың желтоқсанында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияға және оған факультативтік хаттамаға қол қойды. Ал 2015 жылы аталған конвенцияны ратификациялады. Осыдан кейін мемлекет ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған нормативтік-құқықтық базаны белсенді түрде дамытуға кірісті. Қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ететін және олардың толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретін бірқатар заңнамалық актілер қабылданған.
Мысалы, жуыр уақытқа дейін Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы заң әрекет етті. Бұл құжат мүгедектігі бар азаматтарды қолдаудың құқықтық негіздерін айқындап, оңалту, қоғамға бейімдеу, инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету және қажетті техникалық оңалту құралдарын беру сияқты мемлекеттік кепілдіктерді қарастырды. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдардың өмір сапасын арттыру мәселелері бойынша заңнамаға енгізілген өзгерістер бұл бағыттағы жұмысты күшейтті.
Бұдан бөлек, Қазақстанда барлық балалардың, соның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қолжетімді білім алуына жағдай жасау шаралары кеңейтілді. Оқу бағдарламаларын бейімдеу, арнайы оқу жағдайларын жасау және инклюзивті білім беру ортасын қалыптастыру тетіктері енгізілуде.
Сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарды жобалау кезінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың қажеттіліктерін ескеруді міндеттейтін нормалар да маңызды рөл атқарады. Мұнда пандустар, лифтілер, арнайы санитарлық бөлмелер және кедергісіз орта құру талаптары қарастырылған.
Заңнамадан бөлек, Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдауға бағытталған түрлі әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Олардың қатарында оңалту қызметтері, әлеуметтік көмек, қаржылай қолдау және кедергісіз орта қалыптастыру бастамалары бар.
«Қазақстанда инклюзивті мәдениеттің дамуы байқалады. Дегенмен кейбір жағдайда қоғамда түсіністік пен дұрыс қолдау көрсету мәселесінде олқылықтар кездеседі», – дейді Эльмира Әлиева.
Сонымен қатар елімізде ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдайтын қайырымдылық ұйымдары да белсенді жұмыс істеп келеді. Солардың бірі – 2011 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Қызыл алма Алматы – берік әрі бақытты отбасының символы» атты қайырымдылық фестивалі. Бұл жоба әлеуметтік осал топтағы, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың талантын ашуға бағытталған.
«13 жыл бойы балалардың үлкен сахнаға шығып, өз қабілетін көрсету арқылы қаншалықты өзгеретінін көріп келемін. Кейбір балалар алғашында өз атын анық айта алмаса, келесі жылы өлең оқып, ән орындайды. Мұндай сәттер олардың өз күшіне деген сенімін арттырады», – дейді ол.
Маманның айтуынша, Қазақстанда қоғамның ерекше қажеттілігі бар адамдарға деген көзқарасы біртіндеп өзгеріп келеді. Әсіресе балалардың ерте даму кезеңінде түрлі қолдау орталықтарының ашылуы оң нәтиже беруде.
Сонымен бірге менталдық бұзылыстары бар адамдарға қатысты түсінік деңгейі әлі де төмен екенін айтады. Көпшілік психикалық ауруларды медициналық көмек қажет ететін дерт ретінде қабылдай бермейді. Мұның өзі стигма мен кемсітушілікке әкелуі мүмкін.
Эльмира Әлиева ерекше қажеттілігі бар адамдарға қолдау көрсетуді жүйелі түрде ұйымдастыру үшін халықаралық тәжірибені енгізу маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, цифрлық ресурстармен жабдықталған бірыңғай call-орталық құру арқылы мұндай азаматтарға медициналық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетуді үйлестіруге болады.
«Мұндай жүйе әр адамның денсаулық жағдайы, қозғалу мүмкіндігі, білім алу қажеттілігі сияқты деректерді ескеріп, жеке даму бағдарламаларын құруға мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың жұмысын біріктіріп, адамдарға нақты көмек көрсетуге жол ашады», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мұндай бастама жүзеге асса, ерекше қажеттілігі бар адамдардың қоғамға толыққанды бейімделуіне үлкен мүмкіндік туар еді.
Фото: jasqazaq.kz
