Қазақстандық компаниялардың 85%-ы қазірдің өзінде жасанды интеллект (ЖИ) мамандарына мұқтаж екенін мәлімдеді. Ал сауалнамаға қатысқандардың 96%-ы мұндай қажеттілік алдағы 2-3 жылда міндетті түрде туындайтынына сенімді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл зерттеуге HR саласындағы Qazaq Expert Club сарапшысы Арман Шоқпаров бастамашы болған. Ол бизнес ортасында ЖИ құралдарын енгізу қажеттілігін анықтау үшін 78 түрлі компания өкілін сауалнамаға тартқан.
«ЖИ бізді алмастыра ма?» – былтырдан бері маған ең жиі қойылатын сұрақ осы. Мен осы сұрақтың жауабын табу үшін сауалнама жүргіздім. Респонденттердің 60%-ы – жергілікті жекеменшік компаниялардың топ-менеджерлері, 10%-ы – шетелдік ұйымдар, 8%-ы – мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың өкілдері. Олардың 70%-ы Алматыда, 20%-ы Астанада, тек 10%-ы ғана басқа қалаларда орналасқан», – дейді Арман Шоқпаров.
Оның айтуынша, озық ұйымдарда жасанды интеллект қарапайым нейрожеліге сауал жолдаудан бастап, компьютерлік көру арқылы қызметкерлерге төнетін ықтимал қауіпті анықтауға дейінгі барлық процесте қолданылады. Дегенмен, компания өкілдерінің ешқайсысы ЖИ технологияларын енгізгеннен кейін қызметкерлерді қысқарту туралы айтпаған.
Зерттеуге сәйкес, компаниялар жасанды интеллектіні мына бағыттарда пайдаланады: күнделікті процестерді автоматтандыру – 74%, мәтін өңдеу – 65%, шешім қабылдауды зияткерлік қолдау – 55%, дыбыс өңдеу – 44% және визуалды деректерді өңдеу – 40%. Алдағы уақытта қатысушылар бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу (70%), маркетинг және сату (52%), HR (49%), қаржы және бухгалтерия (39%) салаларына көбірек көңіл бөлгісі келеді.
«Респонденттердің барлығы дерлік бизнес жасанды интеллектіні жас мамандардың (джундардың) тапсырмаларын орындау үшін пайдаланатынын айтты. Сондықтан компаниялар енді олардың қызметіне аса мұқтаж емес, тәжірибелі қызметкерлерді іздеуге көбірек ден қойған. Сарапшылардың болжамынша, нарықта ЖИ бағытындағы классикалық жас мамандар азаяды: олар жоғары оқу орындарында ұзағырақ білім алып, нарыққа анағұрлым дайын болып келуге мәжбүр болады», – деп толықтырды сарапшы.
Бір қызығы, компаниялардың 38%-ы қызметкерлерді ішкі ресурстар арқылы оқытады, ал 22%-ы ғана сырттан маман тартады. Сауалнамаға қатысқандардың 26%-ы қызметкерлер нейрожелілерді өз бетінше үйренуі керек деп санайды. Сонымен қатар, респонденттердің 45%-ы ЖИ-мен жұмыс істеу дағдылары бар мамандарды белсенді түрде іздеп, жалдап жатқанын айтқан.
«Сауалнамаға қатысушылардың 11%-ы биыл 20-дан астам ЖИ маманын, 19%-ы 10-нан 20-ға дейін маман жалдайды. 40%-ы 10-нан аз маманға жұмыс ұсынуға дайын. Қалғандары бұл бағытта әлі нақты қадамдар жасамаған. Дегенмен, бұл уақыттың еншісіндегі мәселе, шамамен 1-2 жылдың ішінде бәрі өзгереді деп сенемін», – деп қорытындылады Арман Шоқпаров.
