Мәскеудегі «Крокус Сити Холл» концерт залында болған лаңкестік әрекетке қатысты сот процесінде прокурор 19 айыпталушының 15-іне өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл іс бойынша жарыссөз Мәскеудегі 2-ші Батыс округтік әскери сотында жабық режимде өтті. 2024 жылғы 22 наурызда болған теракт бойынша сотта 19 адамға айып тағылып отыр. Олардың 13-іне тікелей терроризм бабы бойынша, ал қалғандарына лаңкестік әрекетке жәрдемдесу айыбы тағылған.
«Екі ағайынды Исломовтар мен олардың әкесінен, сондай-ақ Әлішер Касимовтан басқасының бәріне өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы сұралды», — деді РИА «Новости» агенттігінің дереккөзі.
Сонымен қатар прокурор Ресей азаматтығын кейіннен алған сотталушыларды азаматтықтан айыруды да талап етті.
Фото: Әлеуметтік желіден
