Тоқаев Үкіметке ескерту жасады: «Когнитивті қабілеттен айырылып қаласыздар»

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөзіне әбден ие болып, министрлер мен әкімдердің жұмысын өткір сынға алды. Мемлекет басшысы шенеуніктердің жауапкершіліктен қашып, мәселені сөзбұйдаға салатынын және маңызды мәтіндерді оқымайтынын қатаң ескертті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Президент Үкімет мүшелері мен әкімдердің оның маңызды сұхбаттары мен баяндамаларын мұқият оқымайтынын сынады. Ол мұндай әдет мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби біліктілігіне нұқсан келтіретінін айтты.

«Мен бұл туралы жақында Turkistan газетіне берген сұхбатымда айттым. Кейбір Үкімет мүшелерімен әңгімелесу барысында оны бәрі бірдей тиісті зейінмен оқымағанын түсіндім. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзіме де қатысты жағдай осындай. Интернеттің ықпалымен ұзақ мәтіндерді оқу қиындап кетті, кітаптар мен мақалалардың мазмұнын тыңдау мүмкіндігі пайда болды, бірақ бұл мемлекеттік қызметшілерге абырой әпермейді. Оқу керек, әйтпесе зейнет жасына жеткенде когнитивті қабілеттен айырылып қалуға болады», — деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы шенеуніктердің өз кемшіліктерін «цифрландырудың жоқтығына» жауып, жауапкершіліктен қашатынын да атап өтті.

«Үкімет мүшелері мен әкімдер өздеріне сеніп тапсырылған салалардағы барлық кемшілікті цифрландыруға, дәлірек айтсақ, оның жоқтығына «жауып тастайды». Олар: «Жалпы цифрландыру енгізілгенде, сіз көрсеткен кемшіліктер табиғи түрде жойылады» деп жазады немесе айтады. Бұл туралы не айтуға болады? Қорғанудың асқан шеберлігі», — деді Президент.

Сонымен қатар Тоқаев бюджет ақшасын орынсыз жұмсауды тоқтатуды талап етті.

«Үкімет пен әкімдіктерге бюджетті игере алмай қаламыз деген қауіппен немесе одан да сорақысы, субъективті, біржақты таңдау негізінде жобаларды қаржыландыруды тоқтату тапсырылады. Қарапайым тілмен айтқанда, есерсоқтықты тоқтату керек», — деді ол.

Президенттің айтуынша, шенеуніктер жеке капитал тартудың орнына бюджеттен ақша алудың оңай жолын таңдайды.

«Бір ұмытылмас шенеунік-құрылысшы айтқандай: «Ақшамен нысанды ақымақ та сала алады, ал бұл міндетті ақшасыз орындау – нағыз шеберлік». Шеберліктеріңізді көрсетіңіздер. Үкімет маған бюджеттен қомақты қаржы алмай-ақ жұмыс істеу жоспарын беруі керек», — деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Тоқаев артық басқарушы кадрлармен, яғни «сол жағалаудағы» адамдармен толып кеткен компаниялардың құрылымын қайта қарау керегін ескертті.

«Олардың жұмысы аз, кейде ештеңе істемегеннен зерігеді және сол себепті желіде отырып, күмәнді пікірталастарға қатысады. Мұның соңы жақсылыққа апармайды», — деді Президент.

Тоқаев Үкіметке нақты іспен айналысуды, ал бос сөз бен қорқыныштан арылуды тапсырды.

«Егер сіздерде менің ойымша, шынайы өмірден алшақ иллюзиялардың жемісі болып табылатын қауіптеріңіз немесе қарсылықтарыңыз болса, маған тиісті қағазды беріңіздер, мен резолюция қоямын. Жауапкершілікті өз мойныма алу маған таңсық емес, ал сіздер конференцияларда шешенси беріңіздер. Қазір сондай заман: «күнді өткізсек, түннен аман шықсақ» деп қорқып-дірілдемей, іс істеу керек», — деп қорытындылады сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика