Қазақстандықтар соңғы бес жылда зейнетақы қорынан 5,5 триллион теңгеден астам қаражат алған. БЖЗҚ мәліметінше, бұл қаражаттың басым бөлігі халықтың ең өзекті мәселелерін шешуге бағытталды. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
2021 жылдан бастап елімізде зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алу мүмкіндігі пайда болған еді. Содан бері қорға 4,2 миллионнан астам өтініш түскен.
Ресми деректерге сүйенсек, азаматтардың басым бөлігі — шамамен 4,56 триллион теңгені тұрғын үй мәселесін реттеуге жұмсаған. Ал денсаулықты түзеу мен емделу мақсатына 1 триллион теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Бұл құқықты көбіне шотында «жеткіліктілік шегінен» асатын ақшасы бар салымшылар мен зейнетақы аннуитетін рәсімдеген азаматтар пайдаланған. Орташа есеппен алғанда, бір адам үй жағдайын жақсарту үшін шамамен 1,4 миллион теңге алған.
Зейнетақы ақшасын қолма-қол ақшаға айналдыру мүмкін бе?
Көпшілікті мазалайтын сұрақ — ақшаны мақсатсыз пайдалану немесе «қолма-қол ақшаға айналдыру» (обналичивание) мәселесі. БЖЗҚ өкілдері бұл процестің қатаң бақылауда екенін алға тартады.
Қор мамандарының айтуынша, олар тек қаражатты аударумен айналысады, ал оның мақсатты жұмсалуын уәкілетті операторлар (банктер мен мемлекеттік органдар) қадағалайды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін стоматологиялық қызметтер арқылы ақша шығарып алу фактілері жиілегендіктен, Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағытқа шектеу қойған болатын.
2026 жылы бізді не күтіп тұр?
Зейнетақы жинағын пайдалану ережелері алдағы уақытта өзгере ме деген сұраққа БЖЗҚ нақты жауап берді. Бұл мәселе тікелей Үкімет пен тиісті министрліктердің (Индустрия және Денсаулық сақтау) құзыретінде.
Экономист сарапшы Досым Бесбайдың пікірінше, зейнетақы жинақтарын жылжымайтын мүлікке салу — бұл ақшаны тұтыну емес, инвестиция. Бұл қадам елдегі құрылыс нарығын жандандырып, экономикалық драйверге айналды.
