Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістанға сапары аясында президент Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізіп, екі ел қарым-қатынасын жаңа стратегиялық деңгейге көтеру туралы уағдаласты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Кездесу басында Қасым-Жомарт Тоқаев Исламабадта көрсетілген қонақжайлық үшін Асиф Али Зардариге алғыс білдірді. Ол отыз жылдан астам уақыт ішінде екі ел арасында берік саяси диалог орнап, түрлі саладағы ынтымақтастық нығайып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан – жер аумағы мен экономикалық әлеуеті жағынан Орталық Азиядағы ең ірі ел. Ал Пәкістан Оңтүстік Азия, Орталық Азия және Таяу Шығыс тоғысқан жерде орналасқан. Бұл – ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретін маңызды геосаяси артықшылық», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен келіссөздер нәтижесінде Астана мен Исламабад арасындағы қарым-қатынасты жаңа стратегиялық деңгейге көтеретін Бірлескен декларацияға қол қойылғанын жеткізді. Бұл құжат екі елдің барлық бағыттағы ықпалдастықты кеңейтуге деген ниетін көрсетеді.
Пәкістан Президенті Асиф Али Зардари өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейін жоғары бағалап, Пәкістанның өзара тиімді байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.
Тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, ұзақмерзімді әріптестіктің жаңа бағыттарын айқындады. Тоқаев сапар қорытындысы екі халықтың игілігі үшін серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.
Фото: Әлеуметтік желіден
