Пәкістан премьер-министрі Шахбаз Шариф Исламабадта Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қабылдап, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында Шахбаз Шариф Қазақстан басшысына арнайы уақыт бөліп келгені үшін алғысын білдіріп, Пәкістан халқы мен үкіметінің атынан зор қошемет көрсетті. Ол Қазақстанды өз елінің маңызды серіктесі санайтынын атап өтті.
«Біз достығымызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыттарында, саясат, қорғаныс салаларында сенімді серіктестік орнату, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен тығыз жұмыс істегіміз келеді. Бұған күмәніңіз болмасын», – деді Пәкістан премьер-министрі.
Шахбаз Шарифтің айтуынша, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудағы әлеуеті зор. Әсіресе, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларында ірі жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
Пәкістан үкіметінің басшысы екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша жай ғана келіссөз жүргізіп қоймай, нақты әрі елеулі нәтижелерге қол жеткізудің маңызды екеніне назар аударды.
Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф екі ел халықтарының игілігі үшін көпқырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.
Фото: Әлеуметтік желіден
