Шавкат Рахмонов жайлы жаман хабар тарады: Ол 10 ай октагонға шықпайды

UFC-де жеңіліп көрмеген қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов тізесіне қайта жарақат алып, ота жасатты. Енді спортшы он айға жуық уақыт октагонға шыға алмайды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бұл ақпаратты белгілі спорт журналисі Ариэль Хельвани өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Рахмоновтың менеджері Дэнни Рубинштейнге сілтеме жасап жариялады. Бір күн бұрын Шавкаттың Алматыда өткен Naiza лигасының турниріне балдақпен келгені көпшілікті алаңдатқан еді.

«Көңілсіз жаңалық: Шавкат Рахмонов тағы да тізесін жарақаттап, жақында ота жасатты. Бұл – спортшыны бір жылдан астам уақыт октагоннан тыс қалдырған сол тізе. Ол енді 9-10 айдай жекпе-жекке шықпайды деп күтілуде», – деп жазды Хельвани.

Бұған дейін спортшының бапкері Эдуард Базров та оның денсаулығына қатысты мәселелер барын растаған болатын.

«Номад» лақап атымен танылған Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін былтыр желтоқсанда UFC 296 турнирінде америкалық Стивен Томпсонға қарсы өткізіп, мерзімінен бұрын жеңіске жеткен еді. Ол кәсіпқой мансабында 18 кездесу өткізіп, барлығын да уақытынан бұрын аяқтаған.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика