Екібастұздағы «Богатырь Көмір» компаниясында тағы да адам шығыны болды: кәсіпорын жұмысшысы ауыр жарақаттан ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Қайғылы оқиға 28 қаңтарда «Молодежная» станциясында болған. Су шашу қондырғысына дизель отынын құю кезінде ауыр жарақат алған жұмысшы дереу Екібастұз қалалық ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Компания басшылығы оқиғаға қатысты арнайы тергеу басталғанын хабарлады.
«Кәсіпорын оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін уәкілетті органдармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр», — делінген «Богатырь Көмір» ЖШС ресми хабарламасында.
Бұл аталған кәсіпорында тіркелген алғашқы жағдай емес. Бұған дейін, 2023 жылдың қараша айында 30 жастағы электрослесарь қаза тапқан еді. Ол экскаваторды токқа қосу кезінде қаза болған.
Фото: Әлеуметтік желіден
