Қазір жанар-жағармай нарығында баға тұрақты көрінгенімен, сарапшылар оның күрт қымбаттауы мүмкін екенін ескертеді. Қаржыгер Жәния Сәндібай бағаны жасанды түрде ұстап тұрудың салдары қандай болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Сарапшының айтуынша, 2025 жылдың қазанынан бастап АИ-92 бензині мен дизель отынының бағасын көтеруге уақытша мораторий енгізілген. Ол 2026 жылдың көктеміне дейін созылады. Қазір АИ-92 бағасы былтырғымен салыстырғанда өзгерген жоқ, литріне шамамен 239 теңге болса, дизель отыны – 335 теңге. Алайда премиум маркалы бензиннің құны өскен: 2026 жылғы 19 қаңтарда АИ-95 бағасы 298-ден 315 теңгеге, ал АИ-98 325-тен 365 теңгеге дейін қымбаттады. Бұл АИ-95 маркасының қымбаттауы АИ-92-ден келетін шығынды өтеп отырғанын көрсетеді.
«Мораторий – нарықтық емес, инфляцияға қарсы шара. Шектеулер алынғаннан кейін нарық „қуып жетуге“ тырысады, сондықтан баға біртіндеп емес, күрт өседі деп күтілуде», – дейді сарапшы.
Белгіленген төмен баға жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды тежейді және бірнеше жылдан бері қажеттілігі айтылып келе жатқан төртінші зауыттың құрылысын күмәнға қалдырады. Еліміздегі үш ірі мұнай өңдеу зауыты (ПМХЗ, ПҚОП, АМӨЗ) толық қуатында жұмыс істегеннің өзінде, егіс егу немесе егін жинау сияқты маусымдық кезеңдерде бензин мен дизель тапшылығы жиі байқалады. Жеке капитал мен өңдеуге әділ тарифтер болмаса, ел „өз мұнайы бола тұра тапшылыққа тап болу“ тұзағынан шыға алмайды. Сондай-ақ, баға өспесе, өңдеу тереңдігін арттыру, отын сапасын еуропалық стандарттарға жеткізу және жекелеген компоненттер бойынша импортқа тәуелділікті азайту мүмкін емес.
Оның үстіне, 2027 жылы ЕАЭО аясында ортақ энергоресурстар нарығын құру жоспарланып отыр. Бұл Қазақстанды бағаны Ресеймен және басқа көрші елдермен теңестіруге мәжбүрлейді. Сондықтан қазір мемлекеттің міндеті – бағаны кез келген жолмен ұстап тұру емес, өткен жылдардағы отын дағдарысын қайталамай, нарықтық модельге көшуді басқару.
«Сондықтан 2026 жылы жанар-жағармай бағасы өседі деп санаймын. Менің болжамым бойынша, ұзақ уақыт „тоқтатылғанын“ ескерсек, АИ-92 бағасы литріне 270–330 теңгеге дейін, АИ-95 – 340-400 теңгеге, ал АИ-98 – 380-450 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін», – деп болжайды Жәния Сәндібай.
Сарапшы бизнеске қаржылық модельдерінде жанар-жағармай құнының өсімін ресми инфляциядан 15-20% жоғары деңгейде жоспарлауға кеңес береді. Яғни, егер инфляция 10% шамасында болса, онда болжамды өсім 25-30% деңгейінде болуы керек.
