2026 жылдың басы қазақстандық бизнес қауымдастығы үшін күтпеген рокировкамен басталды. Төрт жыл бойы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының (ҰКП) тізгінін ұстаған Райымбек Баталов қызметінен кетті. Оның орнына «таза бизнесмен» емес, үкімет дәліздерінде шыңдалған технократ, экс-министр Қанат Шарлапаев келді. Бұл ауыс-түйіс жай ғана кадрлық шешім бе, әлде Ақорданың бизнеспен сөйлесу тон-мақамын өзгерткені ме? QazaqToday порталы сұрақтың жауабын іздеп көрді.
23 қаңтарда өткен палатаның XIII съезінде делегаттар Шарлапаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады. Дегенмен, кулуарлардағы әңгіме мүлде басқа. Кәсіпкерлердің көкейінде «Енді Палата бізді қорғай ма, әлде бізді тәрбиелейтін құралға айнала ма?» деген заңды сұрақ тұр.
Нарық адамынан — Жүйе адамына дейін
Бұл тағайындаудың басты интригасы — келген және кеткен фигуралардың бір-біріне қарама-қайшы болмысында жатыр.
Райымбек Баталов «ет пен сүйектен жаралған» нарық адамы еді. Ол сауданың, шағын бизнестің тілін білетін, керек жерінде эмоцияға беріліп, билікпен айтысып қалудан тайынбайтын тұлға ретінде есте қалды. Оның кезінде «Атамекен» әсіресе Салық кодексін талқылауда Үкіметке айтарлықтай қарсылық танытты.
Ал Қанат Шарлапаев — мүлде басқа мектептің өкілі. Халықаралық Citi банкінің құрылымында жұмыс істеген, «Бәйтерек» холдингін басқарған және министр креслосында отырған ол — прагматик әрі технократ. Ол бизнес мәселесіне «дүкеншінің» емес, макроэкономистің көзімен қарайды. Сарапшылардың пайымдауынша, бұл тағайындау арқылы билік Палатаны «шағым кітабынан» нақты экономикалық реформаларды жүргізетін «операторға» айналдырғысы келеді.
«Атамекен» енді министрліктің филиалы ма?
Саясаттанушылар мен экономистердің пікірі екіге жарылып отыр. Танымал саясаттанушы Данияр Әшімбаев бұл үрдіске қауіппен қарайды. Оның ойынша, қоғамдық ұйымдарға бұрынғы шенеуніктердің көптеп келуі институттың тәуелсіздігін жояды.
«Палата министрлікке ұқсап барады. Ертеңгі күні бизнеске тиімсіз шешім қабылданса, экс-министр Шарлапаев бұрынғы әріптестеріне қарсы шыға ала ма? Әлде үкіметтің саясатын бизнеске түсіндірумен ғана айналыса ма?» — деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны жасырын емес.
Дегенмен, оптимистер де жоқ емес. Talap орталығының директоры Асқар Қысықов палатаға дәл қазір саяси салмақ керектігін алға тартады. Соңғы жылдары «Атамекеннің» беделі түсіп, онымен санасатындар азайған еді. Ал Шарлапаев — жүйенің адамы, оған есіктер ашық.
«Ол кабинетте мәселені қалай шешу керектігін біледі. Бизнеске қазір айқайлайтын емес, нәтиже шығаратын лоббист керек», — дейді жақтаушылар.
Шарлапаевтан не күтеміз: Үш болжам
Жаңа басшылықтың келуімен «ойын ережесі» өзгеретіні анық. Жағдайды бағамдай келе, алдағы уақытта мынадай өзгерістер болуы мүмкін:
-
ШОБ емес, өндіріс бірінші орында. Шарлапаевтың министрліктегі тәжірибесі өнеркәсіп пен құрылыспен байланысты болды. Сондықтан палатаның назары енді базардағы саудагерлерден гөрі, зауыттар мен ірі инвесторларға аууы ғажап емес.
-
«Көлеңкемен» күрес. Батыстық корпоративтік мәдениетті сіңірген жаңа төраға бизнестен ашықтықты талап етуі мүмкін. «Барлық бизнесті қорғаймыз» деген ұранның орнына «Адал бизнесті ғана қолдаймыз» деген қағида келуі ықтимал.
-
Салалық қауымдастықтар дәуірі. Жеке кәсіпкердің даусы енді естілмеуі мүмкін. Шарлапаев сияқты ауқымды ойлайтын менеджермен тең сөйлесу үшін кәсіпкерлерге ірі қауымдастықтарға бірігуге тура келеді.
Қорыта айтқанда, Қанат Шарлапаевтың келуі — «Атамекен» үшін үлкен тест. Егер ол өзінің мемлекеттік қызметтегі тәжірибесін бизнестің мүддесін қорғауға жұмсаса — ұтамыз. Ал егер Палата Үкіметтің «ыңғайлы серіктесіне» айналса, онсыз да міндетті мүшелік жарнаға наразы бизнесмендердің ашуы ушыға түспек.
Қалай болғанда да, «барқыт перде» түрілді. Сахнада — жаңа ойыншы. Оның ойыны қаншалықты нәтижелі боларын алдағы жаңа Салық кодексінің талқылауы-ақ көрсетіп береді.
Фото: QazaqToday коллаж
