Бір аптада екінші сарбаз мерт болды: Қазақ армиясында не болып жатыр?

Жамбыл облысында әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қаза тапты. Алдын ала мәлімет бойынша, жауынгер қарумен жұмыс істеу кезінде өзіне оқ тиіп мерт болған, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Бас прокуратураның хабарлауынша, қайғылы оқиға 27 қаңтарда болған. Қазір бұл дерек бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеуді бастады. Арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, істің барысын Бас прокурор жеке бақылауына алды.

«Оқиғаның алдындағы жағдайларды объективті және жан-жақты анықтау мақсатында оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және ІІМ Әскери-тергеу департаментінің бастығы жіберілді», – делінген ведомство хабарламасында.

Бұған қоса, арнайы топқа елдегі барлық әскери бөлімдегі тәртіп пен жеке құрамның қауіпсіздік талаптарын тексеру тапсырылды. Жақын арада Бас прокуратураның арнайы алқа отырысында әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, сондай-ақ мерзімді қызметтің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралады.

Бұған дейін, 23 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының Жаңғызтөбе кентінде орналасқан 47007 әскери бөлімінде қарауылда тұрған сарбаз өзіне оқ атқан болатын.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика