Аты аңызға айналған боксшы Геннадий Головкин World Boxing халықаралық федерациясының басшысы ретіндегі белсенді жұмысын жалғастырып жатыр. Ол Ташкентте Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен маңызды кездесу өткізді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында тараптар олимпиадалық бокстың болашағы, екіжақты серіктестікті кеңейту және өзара іс-қимылды күшейту мәселелерін талқылады. Бұл келіссөздер World Boxing ұйымының халықаралық аренадағы ықпалын арттыру жолындағы стратегиялық қадам болып саналады.
Геннадий Головкин өз сөзінде Өзбекстанның әлемдік бокстағы орнына ерекше тоқталды.
«Өзбекстанның әлемдік бокстағы стратегиялық рөлі зор. Сонымен қатар бұл елдің ірі халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде өткізуге қосқан үлесін ерекше атап өткім келеді», — деді федерация басшысы.
Бұл кездесу Головкиннің спорттық мансабынан кейін ірі спорт функционері ретіндегі жаңа бейнесін айқындай түседі. Оның бұл бағыттағы қадамдары бокстың Олимпиада ойындары бағдарламасында сақталуы үшін маңызды болып отыр.
Фото: IG/olympickz
