Қатардан 1,2 млрд доллар келді: Қазақстан инвесторларды енді қалай тартпақ?

Қазақстан Үкіметі елге тартылатын тікелей шетелдік инвестиция көлемін 20 млрд доллардан асыруды көздейтін жаңа тұжырымдаманы бекітті. Qazaq Expert Club сарапшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясова бұл құжаттың іс жүзінде нені білдіретінін түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Сарапшының айтуынша, 2030 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасы шетелдік инвесторлар үшін жағдайды жақсартып, олардың құқығын қорғауды күшейтуге бағытталған.

«Бұл дегеніміз – инвесторлармен жұмыс істейтін шетелдегі өкілдіктер желісі кеңейеді, сондай-ақ өңірлердің рөлі артады. Енді инвестициялық жобалардың іске асуына әкімдердің өзі тікелей жауапты болады», — дейді Әйгерім Ілиясова.

Жаңа тұжырымдама ведомстволар арасында жобалардың тұралап қалуы, жауапкершіліктің бұлыңғыр болуы және мерзімнің созылуы сияқты мәселелерді шешуі тиіс. Сонымен қатар салық және реттеу саясаты тұрақты болады. Нәтижесінде инвесторлар қысқа мерзімді келісімдермен шектелмей, нарыққа 10–20 жылға кіруге дайын болады.

Қазіргі таңда Қазақстан жыл сайын 20 млрд доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартады. Бұл – Орталық Азиядағы жалпы көлемнің шамамен 60%-ы. Негізгі инвесторлар – Еуроодақ елдері, АҚШ, Ресей және Қытай. Дегенмен, соңғы кезде Таяу Шығыс елдерінің қызығушылығы артып келеді.

Мәселен, 2025 жылдың 9 айында Қатардан келген инвестиция 1,2 млрд долларға жетті. Салыстыру үшін, 2023 жылы бұл көрсеткіш небәрі 9 млн доллар болған. Бұл өсім жалпы құны 20 млрд долларға жуық бірлескен жобалардың іске қосылуымен байланысты. Олардың қатарында үш газ өңдеу зауыты, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісі және энергетика нысандарының құрылысы бар.

Сарапшылардың пікірінше, мемлекет алдындағы басты міндет – инвесторлар үшін тартымды жағдай жасау мен ұлттық мүддені қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау.

Фото: Жасанды интеллект

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика