Тоқаев Бакуде Әлиевпен кездесіп, стратегиялық серіктестікті тереңдетуге келісті
Қасым-Жомарт Тоқаев Бакуде АӨСШК VII саммитінде Ильхам Әлиевпен кездесіп, Транскаспий цифрлық дәлізі мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты талқылады.
Сурет: Ақорда
Бакуде өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің VII саммиті аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен жүздесті.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев саммитке шақырғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Ильхам Әлиевке ризашылығын білдіріп, форумның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Әзербайжанның Кеңеске төрағалық еткен кезеңінде нақты бастамаларды ілгерілетуге және Ұйымның халықаралық беделін нығайтуға қосқан елеулі үлесіне назар аударды.
Мемлекет басшылары өңірдегі бірегей жоба – Транскаспий талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосудың маңыздылығын талқылады. Теңіз табанымен тартылған желі екі елдің цифрлық байланысын күшейтіп, Еуропа мен Азия арасында тағы бір цифрлық дәліздің пайда болуына ықпал етеді. Осылайша, бүкіл өңір жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді.
Президенттер сауда-экономикалық қарым-қатынастың қарқыны артып келе жатқанын мәлімдеп, өзара тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенін растады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның энергия ресурстарын Әзербайжан арқылы тасымалдау ауқымын ұлғайту, сондай-ақ өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Тараптар мәдени-гуманитарлық ықпалдастық нығайып, білім беру, туризм салаларындағы әріптестік кеңейе түскенін және парламентаралық ынтымақтастық жанданып келе жатқанын жеткізді.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев қазақ-әзербайжан стратегиялық серіктестігін одан әрі тереңдетуге, сондай-ақ екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде іске асыруға бейіл екенін растады.
