Пәкістанда мектеп шатыры опырылып, 28 бала мен екі мұғалім қаза тапты
Пәкістанның Пешавар қаласында жекеменшік мектеп шатыры опырылып, 28 бала мен екі мұғалім қаза тапты, 30-дан астам адам жарақат алды.
Сурет: clickondetroit.com
Пәкістанның Пешавар қаласында жекеменшік мектеп ғимаратының шатыры опырылып, ауыр апат болды. Салдарынан кемінде 28 бала мен екі мұғалім қаза тауып, 30-дан астам адам түрлі жарақат алды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
The Express Tribune басылымының мәліметінше, Lady Reading Hospital ауруханасының өкілі Мұхаммед Асим қаза тапқандар арасында 13 жасқа дейінгі балалар бар екенін мәлімдеген. Зардап шеккендердің кейбірінің жағдайы ауыр деп бағалануда.
Оқиға орнында құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Үйінді астында адамдар қалуы мүмкін болғандықтан, іздестіру шараларына Пәкістан армиясының әскери қызметшілері де жұмылдырылған. Құрбандар саны әлі де өсуі ықтимал.
Жергілікті полиция мектеп иесінің қамауға алынғанын хабарлады. Алдын ала болжам бойынша, шатырдың құлауына құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілуі себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.
