Фото: instagram/volonterypetropavl
Петропавл қаласында бір тәулікке жуық іздеуде болған 75 жастағы зейнеткер әйел үсіп, көз жұмды. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлады.
Белгілі болғандай, қарт әйел 14 қаңтар күні сағат 13:00 шамасында үйінен ауруханаға бет алып шыққан, алайда қайта оралмаған. Келесі күні таңертең еріктілер полиция қызметкерлерінің зейнеткерді аурухана аумағынан тірі күйінде тапқанын хабарлаған. Өкінішке қарай, әйел жедел жәрдем көлігінде жан тапсырды.
Полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Аурухана зейнеткердің үйінен жаяу бірнеше минуттық жерде орналасқан. Әйелдің ұялы телефоны өшірулі болған. Денсаулығын ескерсек, оның бағытынан адасып, қайда бара жатқанын түсінбей қалуы мүмкін деген болжам айтылып отыр.
Іздеу жұмыстарына қалалық полиция басқармасы мен облыстық полиция департаментінің қызметкерлері, арнайы жедел әрекет ету жасағы, Ұлттық ұлан сарбаздары және еріктілер жұмылдырылған. Барлығы 60-тан астам адам қатысқан. Қатты аяз іздеу жұмыстарын едәуір қиындатқан. Мүмкін болатын барлық бағыттар тексеріліп, бейнебақылау камераларының жазбалары қаралғанымен, қараңғы түскенше әйелдің жүрген жері анықталмаған.
15 қаңтар күні таңертең учаскелік инспектор қарт әйелді аурухана маңындағы адам сирек жүретін аумақта, шаруашылық корпус жанындағы қоршаудың түбінен тауып алған.
«Әйелдің жағдайы өте ауыр болды, қатты үсіп қалғандықтан сөйлей алмады. Ол бірден жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды, алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Құзырлы орган тұрғындарды зейнеткерлерге ерекше көңіл бөліп, оларды бақылаусыз сыртқа жібермеуге шақырды. Денсаулық жағдайына байланысты қарт адамдар бағдарын жоғалтып, байланысқа шыға алмай қалуы мүмкін екенін ескертті.
Айта кетейік, соңғы үш күнде Петропавл мен Солтүстік Қазақстан облысында ауа температурасы күрт төмендеп, сынап бағаны -35–38 градусқа дейін түскен. Осыған байланысты өңірде жолдар жабылып, білім беру ұйымдары қашықтан оқыту форматына көшіріліп, барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
