Қазақстанның тұңғыш мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізін қалаушылардың бірі Рәтбек қажы Нысанбайұлы 84 жасында дүние салды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы 1975 жылы Ливиядағы университетті үздік бітірген. Ол жеті тілді, соның ішінде араб, ағылшын және неміс тілдерін еркін меңгерген білікті маман еді. ҚМДБ төрағасы қызметіне келген соң, діни сауаттылықты арттыруға және ағартушылық ісіне ерекше көңіл бөлді.
Оның басшылығымен Түркия мен Мысырда 600-ге жуық имам білім алып, елге оралды. Рәтбек қажы 15 кітаптың авторы. Оның ең басты еңбектерінің бірі – Құран Кәрімді қазақ тіліне аудару ісіне жетекшілік етуі. Бұл аударма 1991 жылы 200 мың данамен жарық көрді.
Тұңғыш мүфтидің бастамасымен елімізде 68 мешіттің құрылысы жүрді. 1992 жылы өткен Қазақстан мұсылмандарының екінші құрылтайында ол мүфтидің өмір бойы сайлануы туралы ереженің күшін жоюға келісім беріп, діни басқармадағы тұрақтылықты сақтап қалған.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы соңғы жылдары Алматы облысындағы Есік қаласында тұрып, жергілікті мешітте имамдық қызмет атқарды. 2020 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны «Парасат» орденімен марапаттаған болатын.
Фото: Ұлысмедиа
