АҚШ арнайы жасағы Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстауға бағытталған операция кезінде бұрын-соңды белгісіз акустикалық қаруды қолданған болуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл туралы New York Post басылымы қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкерімен жасалған әңгіменің стенограммасына сүйеніп жазды. Дереккөзге сәйкес, америкалық күштер Мадуроның күзетін залалсыздандыру үшін кәдімгі оқ-дәрінің орнына қуатты дыбыстық технологияны пайдаланған.
Куәгердің айтуынша, бұл қару адамдарда қатты бас айналуын тудырып, тіпті ішкі қан кетуге әкелген. Осының арқасында арнайы жасақ аз күшпен қорғанысты тез әрі тиімді бұзып өткен.
Дегенмен, Пентагон бұл ақпаратқа қатысты әзірге ресми мәлімдеме жасамады. Сарапшылар АҚШ әскерінің қорында микротолқын немесе лазер сияқты бағытталған энергияны қолданатын технологиялар бойынша зерттеулер бар екенін айтады. Алайда олардың нақты бір операцияда қолданылғаны туралы ресми дәлел жоқ.
Қазіргі таңда бұл ақпарат расталмаған және негізінен куәгерлердің сөздері мен түрлі болжамдарға негізделіп отыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
