«Сервистік модель» ме, әлде жасырын қысым ба? Жаңа Салық кодексі бизнеске қандай қауіп төндіреді?

Қазақстанда 2026 жылдан бастап толық күшіне енетін жаңа Салық кодексі төңірегіндегі даулар басылар емес. Мемлекет бұл құжатты кәсіпкерге қолайлы «сервистік модель» ретінде ұсынғанымен, сарапшылар оның астарында бизнес үшін елеулі тәуекелдер жатқанын ескертеді. Салық сарапшысы Раушан Тасшоинова Qazaqtoday тілшісіне берген сұхбатында жаңа жүйенің «жасырын қауіптері» мен кәсіпкерлер дайын болуы тиіс өзгерістерді талдап берді.

Цифрлық қыспақ: Тексеріс енді басы емес, соңы

Салық органдары жаңа кодексті жазалаушы емес, көмекші құрал деп сендіруде. Алайда сарапшының пікірінше, бақылау функциялары әлсіреген жоқ, керісінше, ол цифрлық форматқа ауысып, күшейе түсті.

2026 жылдан бастап салықтық бақылаудың логикасы түбегейлі өзгереді. Бұрын тексеріс процестің бастауы болса, енді ол – жүргізілген цифрлық талдаудың қорытынды үкімі. Тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) сіздің шот-фактураларыңызды, банктік операцияларыңызды және контрагенттеріңізді автоматты түрде салыстырып отырады.

«Тексерудің өзі — автоматтандырылған жүйенің тәуекелді анықтағанын заңды түрде растауға айналады. Ең қауіпті құрал – электрондық шот-фактураларды бұғаттау. Бұл компанияның жұмысын іс жүзінде толық тоқтатып тастай алады», – дейді Раушан Тасшоинова.

Яғни, қауіп – инспектордың келуінде емес, жүйенің сізді «қызыл аймаққа» енгізіп, шоттарыңыз бен құжат айналымыңызды қашықтан бұғаттауында жатыр.

Бизнесті бөлшектеу: «Оңайлатылған» режимнің соңы ма?

Шағын және орта бизнес үшін ең ауыр соққы – бизнесті бөлшектеуге қатысты шектеулер болуы мүмкін. Жаңа кодекс бірнеше ЖШС немесе ЖК ашу арқылы салықты оңтайландыру схемаларына тосқауыл қояды.

Сарапшының айтуынша, басты қауіп мынада:

  1. Режимді шектеу: Бір құрылтайшысы бар бірнеше компания енді оңайлатылған декларацияны пайдалана алмайды.

  2. Шығынды танымау: Ең маңыздысы – жалпы режимдегі компаниялар арнаулы салық режиміндегі (АСР) контрагенттерден алған қызметтерін шығынға жатқыза алмай қалуы мүмкін.

Бұл дегеніміз, егер сіз «упрощенкада» отырсаңыз, ірі серіктестер сізбен жұмыс істеуден бас тартуы мүмкін, өйткені бұл оларға тиімсіз. Нәтижесінде кәсіпкерлер нарық қысымымен еріксіз ҚҚС (НДС) төлеушілер қатарына қосылуға мәжбүр болады.

«Сән-салтанат» салығы: Орта тапқа соққы

Қоғамда қызу талқыланған байлық салығы іс жүзінде тек олигархтарға емес, қарапайым орта тапқа да ауыртпалық салуы мүмкін. Раушан Тасшоинованың сөзінше, мүліктің құны әрдайым иесінің байлығын көрсетпейді.

  • Ірі қалалардағы кең пәтер – көбіне ұзақ жылдық ипотеканың нәтижесі.

  • Қозғалтқыш көлемі үлкен көлік – жаңа «Land Cruiser» емес, баяғыда алынған ескі көлік болуы мүмкін.

Егер шектік мөлшер дұрыс белгіленбесе, бұл салық халықтың қаржылық жағдайын одан әрі қиындатып, әлеуметтік әділетсіздік тудыру қаупі бар.

Мобильді аударымдар және қателік құны

Көпшілікті мазалайтын мобильді аударымдар мәселесінде де жаңалықтар бар. 2026 жылдан бастап банк шотын ашқанда азамат оның кәсіпкерлікке арналмағанын растайтын «ниет декларациясына» қол қояды.

Егер жеке шотқа түскен ақша жүйелі сипат алса, бұл кәсіпкерлік табыс деп танылады. Дегенмен, сарапшы бір реттік туыстық көмек пен достық аударымдарға салық салынбайтынын, басты назар – ақша ағымының тұрақтылығында екенін атап өтті.

Ал Жалпыға бірдей декларациядағы қателіктерге келсек, мемлекет «жазалаудан бұрын ескерту» принципін ұстанады.

«Абайсызда кеткен қателік үшін бірден айыппұл салынбайды. Алдымен хабарлама келеді, түзетуге мүмкіндік беріледі. Айыппұл тек ескертуді елемегенде немесе табысты әдейі жасырғанда қолданылады», – деп түсіндірді маман.

Түйін: Жаңа ережеге қалай бейімделеміз?

Жаңа Салық кодексі – бұл ойын ережесінің өзгеруі. Енді «тексерістен қалай өтемін» деп емес, «тексеріске ілікпейтіндей процесті қалай құрамын» деп ойланатын кез келді.

Автоматтандырылған жүйе қателік жіберуі мүмкін бе? Әрине. Бірақ жаңа кодексте дауды сотқа дейін реттеу мүмкіндігі қарастырылған. Бастысы – салық органдарынан келген хабарламаларға дер кезінде жауап беріп, операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету. 2026 жыл – көлеңкелі бизнестің соңы және цифрлық салық мәдениетінің басталуы болмақ.

Суретті: ЖИ жасады

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика