МӘМС-тен 682 млн теңге жымқырған басшы Испаниядан үй сатып алған

Жекеменшік клиника басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қорының ірі көлемдегі қаражатын жымқырып, ақшаға Испаниядан үй сатып алды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Қаржы мониторингі агенттігінің хабарлауынша, 2022 жылы қор мен бірнеше клиника арасында жалпы сомасы 2,4 миллиард теңгеге медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарт жасалған. Оның ішінде жылжымалы медициналық пойыз қызметі де болған.

Алайда жоба іске қосылғаннан кейін клиника басшысы алаяқтық схеманы ұйымдастырған. Ол ақпараттық жүйеге жалған науқастардың дерегін енгізіп, күніне 90-нан 150-ге дейін адамды тіркеп отырған.

Осы әрекетінің салдарынан мемлекеттік қордан іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін 682 миллион теңге заңсыз аударылған.

2024 жылдың қаңтарында қылмыстық жолмен табылған ақшаның 364 миллион теңгесі клиника басшысы мен оның жұбайының жеке шоттарына аударылғаны анықталды.

Күдікті қамауға алынды. Сот оның Испаниядағы қала сыртындағы үйіне, Астанадағы пәтеріне және автокөлігіне тыйым салды.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика