Астанада 6,5 келілік алып ұл дүниеге келді
Астанадағы қалалық перинаталдық орталықта салмағы 6,5 келі, бойы 64 сантиметр алып ұл бала дүниеге келді. Нәрестеге Нұрәлі деп есім берілді.
Фото: pixabay
Елордадағы қалалық перинаталдық орталықта салмағы 6,5 келі, бойы 64 сантиметр болатын алып ұл бала дүниеге келді. Нәрестеге ата-анасы Нұрәлі деп есім берді. Бұл туралы «Астана» телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Сәбидің анасы Жұлдыз Әбдікәрімованың айтуынша, босану кезінде қауіп туындағандықтан, дәрігерлер шұғыл ота жасауға шешім қабылдаған:
«Баламның суы нашарлау болды, жүрек соғысы да нашарлау болды. Сонымен экстренно докторлар операция жасап алды. Шүкір, жақсы өтті. Докторларға, осы роддомның медбикелеріне алғыс айтамын», — деді анасы.
Дәрігерлер мұндай алып сәбилердің өте сирек туатынын атап өтті. Қалалық перзентхананың жүктілік патологиясы бөлімшесінің меңгерушісі Қуаныш Ибрагимовтің сөзінше, ана мен баланың өміріне қауіп төнбеуі үшін табиғи жолмен босандырудан бас тартылған:
«Ұрық жағдайының қаупіне байланысты бізде операциялық босану жүргізілді. Операция барысында кішкене өзгешеліктер, ерекшеліктер болды. Барлығы дер кезінде, өз уақытында жасалып, қазіргі таңда жағдайы жақсы», — деді дәрігер.
Қалалық перзентхананың кеңестік-диагностикалық бөлімшесінің меңгерушісі Сағынай Ұзақова да нәресте салмағы 4,5 келіден асқан жағдайда акушерлік тактика өзгеріп, ота жасалатынын түсіндірді:
«Ірі ұрықты босану кезінде акушерлік тактикалар өзгереді. Оның ішінде баланың салмағына байланысты, егер 4,5 келіден жоғары болса, онда оперативті жолмен босандырып аламыз», — деді маман.
Ресми деректерге сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы он айында аталған перинаталдық орталықта салмағы 4 келіден асатын 929 нәресте, оның ішінде 5 келіден жоғары 11 сәби дүниеге келген. Ал 6 келіден асатын сәбилер өте сирек кездеседі. Қазіргі уақытта ана мен баланың жағдайы жақсы, екеуі де дәрігерлердің бақылауында.
