Қазақстандық шахматшылар түркі елдері чемпионатында төрт медаль алды
Түркістанда түркі елдері арасындағы классикалық шахматтан тұңғыш жеке чемпионат өтті. Қазақстандық шахматшылар төрт медаль жеңіп алды.
Фото: Казахстанская федерация шахмат
Түркістанда түркі елдері арасындағы классикалық шахматтан тарихтағы тұңғыш жеке чемпионат өтті. Қазақстан қоржынына медаль салғандар — Павел Коцур, Пётр Костенко, Денис Махнёв және Елназ Калиахмет.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

Қазақстан шахмат федерациясының хабарлауынша, жарыс үш санатта — ерлер, әйелдер және сеньорлар арасында өтті. Ерлер мен әйелдер 14 тур, сеньорлар 7 тур ойнады. Әр партияға 45 минут, әр жүріске 30 секунд қосылатын уақыт бақылауы белгіленді.
Сеньорлар турнирінде пьедесталдың екі жоғарғы сатысын қазақстандық гроссмейстерлер бөлісті. Павел Коцур қорытынды турларда екі жеңіске жетіп, чемпионатты 7 мүмкін ұпайдың 5-імен аяқтады және осы санаттағы тұңғыш чемпион ретінде жарыс тарихына есімін жазды. Екінші орында — Сербиядан жақында оралған, сеньорлар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері Пётр Костенко, үшінші орында — Венгрия өкілі Аттила Цебе.

Ерлер турнирінде медаль үшін күрес соңғы турға дейін жалғасты. Қазақстандық гроссмейстер Денис Махнёв қорытынды турда Түрікменстан өкілі Аманмухаммет Хоммадовты жеңіп, 8,5 ұпаймен күміс медаль алды. Жеңімпаз — әзірбайжандық гроссмейстер Ниджат Абасов. Қола Түркия өкілі Арда Чамларға бұйырды. Тағы бір қазақстандық Сауат Нургалиев 7,5 ұпай жинап, чемпионатты бесінші орында аяқтады.
«Бұл менің осындай форматтағы бірінші турнирім емес. Өткен жолы онша сәтті өнер көрсетпесем де, белгілі бір тәжірибе жинадым. Турнир соңында бәрі шаршайтынын білетінмін, сондықтан жақсы бастау маңызды болды. Қарсыластарымның көбі менен бес-он жас кіші, финишке қарай олардың қуаты артық болады деп болжадым. Сондықтан турнирдің бірінші жартысында барынша күш салуды шештім. Стартта көп партияны ұтып, көшбасшылықты басып алып, оны соңына дейін ұстап тұрдым. Қазақстанда қанша рет болғанымды санап та үлгермедім. Мұнда әрдайым келу ұнайды. Біздің елдер мен халықтар достық қатынаста, сондықтан мұнда келу әрдайым жағымды. Қазақстанда өте талантты шахматшылар бар, жақын болашақта олар тағы да көптеген жоғары нәтиже көрсетеді деп ойлаймын», — деді ерлер чемпионатының жеңімпазы Ниджат Абасов.

Әйелдер турнирінде чемпиондық атақты 14 мүмкін ұпайдың 10-ын жинаған Әзірбайжан өкілі Говхар Бейдуллаева иеленді. Күміс жүлдегер — 9,5 ұпаймен Венгрия өкілі Даваадэмбэрэлийн Номин-Эрдэнэ. 16 жастағы қазақстандық шахматшы Елназ Калиахмет 8,5 ұпай жинап, қола медаль алды. Тағы бір қазақстандық Зарина Нургалиева 8 ұпаймен чемпионатты төртінші орында аяқтады.
«Бұл қатарынан үшінші турнирім, сондықтан ойнау сәл қиын болды. Күніне екі турдан, барлығы 14 тур ойнадық. Қарсыластар өте мықты әрі менен үлкен еді, сондықтан чемпионат оңай болмады. Үшінші орынға қуаныштымын. Бастапқы рейтинг бойынша екінші нөмір болсам да, қола медаль да жақсы нәтиже деп есептеймін», – деп бөлісті Елназ Калиахмет.
Бұған дейін, осы жылдың қыркүйегінде Самарқандта өткен 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Елназ бен Зарина Қазақстан әйелдер құрамасы сапында күміс медаль алған, сондай-ақ Елназ өз тақтасындағы үздік нәтиже үшін жеке алтынды да жеңіп алған.
Еске салайық, чемпионат 20-27 қараша аралығында Түркістанда өтіп, жеті елден 24 шахматшыны біріктірді: Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Өзбекстан және Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы мәртебесі бар Венгрия. Әр турнирде елдер бір-бір қатысушыдан, Қазақстан чемпионат иесі ретінде екі қатысушыдан ұсынды. Ерлер мен әйелдер турнирлерінің жалпы жүлде қоры 40 млн теңгені құрады. Сеньорлар турнирінің қатысушыларына құнды сыйлықтар қарастырылған.
