Негізгі мазмұнға өту
Сейсенбі, 24 қараша 2026 $ 455,5↓€ 501,1↑₽ 5,60↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Германия делегаты Қазақстанның Олимпиада-2030 иесі болуына қарсы шықты

    ФИДЕ-нің Германиядан сайланған делегаты Вадим Розенштейн Қазақстанды 2030 жылғы Шахмат олимпиадасын өткізуші ел ретінде таңдау рәсіміне қарсы шығып, сенімсіздік вотумын көтеруге ниетті.

    Германия делегаты Қазақстанның Олимпиада-2030 иесі болуына қарсы шықты

    Сурет: sports.kz

    Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) Германиядан сайланған делегаты Вадим Розенштейн Қазақстанды 2030 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасын өткізетін ел ретінде таңдау рәсіміне қарсы шығып, ұйым президентіне сенімсіздік вотумын көтеру мәселесін қозғайтынын мәлімдеді.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турловқа ашық хат жариялап, турнир өткізуге ашық конкурстық іріктеу жасалмағанына наразылық білдірді.

    «Маған ертең, 24 қарашада ФИДЕ кеңесі Қазақстанды 2030 жылғы Шахмат олимпиадасын өткізетін ел ретінде ұсынуды жоспарлап отырғаны туралы ақпарат жетті. Бұл, шамасы, ашық конкурстық іріктеусіз және басқа ұлттық федерацияларды өтінім беруге ресми шақырмай-ақ жасалмақ.

    Бірден атап өткім келеді: мен Қазақстанды қатты құрметтеймін және елдің Шахмат олимпиадасын ең жоғары деңгейде өткізуге қабілетті екеніне сенімдімін. Менің алаңдаушылығым Қазақстанға емес, ұйымдастырушыны таңдау рәсіміне қатысты.

    Егер Катар 2030 жылғы Шахмат олимпиадасын бұдан былай өткізе алмайтын болса, ФИДЕ конкурстық іріктеуді қайта жариялап, барлық мүдделі федерацияларға өтінім беруге тең мүмкіндік беруі керек. Қазақстан, Германия, Австралия және басқа да мүдделі елдер өз ұсыныстарын беру мүмкіндігіне ие болуы тиіс.

    ФИДЕ Африка мен Америка федерацияларының 2030 жылғы Олимпиаданы өткізу конкурсына қатысуына тең мүмкіндікті қалай қамтамасыз етеді?

    Осыған байланысты бір принципті маңызды мәселені түсіндіруді сұраймын.

    Егер өтінімдерді қабылдау жарияланған болса, шақырту ұлттық федерацияларға қашан жіберілгенін және сол шақыртудың көшірмесін ұсынуыңызды сұраймын.

    Ал егер мұндай шақырту таратылмаған болса, ФИДЕ кеңесі ертең Қазақстанды қандай негізде ұсынбақ?

    ФИДЕ өзінің ұлттық федерацияларына тиесілі. Осындай маңызды шешім ашық әрі әділ рәсім аясында қабылданып, барлық мүдделі федерацияларға конкурсқа қатысуға нақты мүмкіндік берілуі керек.

    Ертеңгі ұсынысты ашық конкурстық іріктеу өткізілгенге дейін кейінге қалдыруға шақырамын.

    Егер ФИДЕ кеңесі бәрібір басқа федерацияларға өтінім беруге тең мүмкіндік бермей, Қазақстанды ұсыну туралы шешім қабылдаса, сол күні кешке ұлттық федерациялармен байланысып, бұл шешімді ресми қайта қарауды талап етемін және ФИДЕ-нің қолданыстағы ережелеріне сәйкес сіздің президенттігіңізге сенімсіздік вотумын көтеру мәселесін талқылауды бастаймын.

    Сөз Қазақстан туралы емес. Сөз әділдік, есеп берушілік және әрбір ұлттық федерацияны құрметтеу туралы.

    Ертеңгі ФИДЕ кеңесінің отырысына дейін жауап беруіңізді сұраймын», — деп жазды ол.

    Ағылшын тіліндегі хатта Розенштейн Украинадағы соғыстың аяқталуын және Украинаның бір күні Шахмат олимпиадасын өткізу мүмкіндігіне ие болуын шын жүректен үміт ететінін де қосты.

    2026 жылғы 24 қарашада ФИДЕ кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Ол Женевада (Швейцария) Гукеш Доммараджу мен Жавохир Синдаров арасындағы әлем чемпионы атағы үшін өтіп жатқан матчқа орайластырылған.

    46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы осы жылдың қыркүйегінде Самарқандта (Өзбекстан) өтті. Қожайындардың ерлер құрамасы «алтын» алса, Қазақстанның әйелдер құрамасы күміс жүлдегер атанды. Келесі Олимпиада 2028 жылы БАӘ-де өткізілуі жоспарланған.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →