Қазақстандық 9 теннисші Дюссельдорфтегі WTT Feeder турниріне қатысады
Қазақстандық 9 үстел теннисшісі 23-27 қарашада Дюссельдорфте өтетін WTT Feeder Dusseldorf II турниріне қатысады. Жүлде қоры — 30 мың доллар.
Сурет: inbusiness.kz
23-27 қараша аралығында Германияның Дюссельдорф қаласында үстел теннисінен WTT Feeder Dusseldorf II халықаралық турнирі өтеді. Онда Қазақстанның тоғыз спортшысы сынға түседі. Жүлде қоры 30 мың долларды құрайды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қазақстан үстел теннисі федерациясының мәліметінше, жарысқа Австралия, Бельгия, Германия, Мысыр, Үндістан, Испания, Италия, Қазақстан, Корея, Португалия, Таиланд, қытайлық Тайбэй және Жапония теннисшілері қатысады. Спортшылар жеке, жұптық және аралас разрядтарда медальдарды сарапқа салады.

Іріктеу матчтары 23 және 24 қарашада болады. 25-27 қарашада турнирдің негізгі сеткасының кездесулері өтіп, жүлделі орындардың иелері анықталады.
«Қазақстан атынан Айдос Кенжигулов, Санжар Жұбанов, Искендер Харки, Ирисбек Артукметов, Бақдәулет Акимали, Абдулла Мамай, Темірлан Джиенбаев, Зауреш Акашева және Сарвиноз Миркадирова сынға түседі», — деп хабарлады федерацияда.
Дюссельдорфтегі турнир қазақстандық теннисшілер үшін халықаралық бәсекеде күшін сынап, рейтингтік ұпайлар мен жүлделер үшін күресуге тағы бір мүмкіндік болады.
Еске салайық, Қазақстан үстел теннисі федерациясын Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек басқарады.
