Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ангелина Лукас Германияда өткен кәсіби рингтегі 18-жекпе-жегінің алдында ұрлыққа тап болған. Бұл туралы журналист Алексей Алексеев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info. 

Журналистің айтуынша, Ангелина Лукас үшін Германиядағы жекпе-жек алғашқы кездесу болған. Бокс кешіне көрермендердің қызығушылығы жоғары болып, трибуналарда бос орын қалмаған.

Алайда жекпе-жек алдындағы дайындық кезінде спортшының көңіл күйін түсірген жағдай болған. Ангелинаның айтуынша, оның визажисті мен мобилографы виза ала алмағандықтан, қажетті мамандарды Германиядан іздеуге тура келген. Нәтижесінде боксшының жекпе-жекке арналған шаш үлгісін жасауға Instagram арқылы табылған қыз шақырылған.

Алексей Алексеевтің жазуынша, жұмыс аяқталған соң Ангелина қызметі үшін ақысын төлеп, дәретханаға кеткен. Қайтып келгенде әмиянындағы ақшаның жетіспейтінін байқаған. Кейін қыздың телефоны өшіп қалған. Ол байланысқа шыққан кезде өз кінәсін мойындамаған. Ал оқиға орнында бейнебақылау камералары болмағандықтан, ұрлықты дәлелдеу мүмкін болмаған.

Журналист бұл жағдайдың боксшының жекпе-жек алдындағы көңіл күйіне әсер еткенін атап өтті. Соған қарамастан, Ангелина Лукас аргентиналық Аньелен Эспиносаны жеңіп, кезекті жеңісіне қол жеткізген.

«Мамандар жекпе-жектің бір сәтінде Лукас қарсыласына қатарынан 43 соққы жасағанын есептеп шығарған. Мұндайға кез келген кәсіпқой боксшының шамасы жете бермейді. Аргентиналық қарсыласынан ішіндегі бүкіл өкпе-ренішін алғандай», – деп жазды Алексей Алексеев.

Сонымен қатар журналист қазақстандық боксшының жеңісіне отандық бұқаралық ақпарат құралдары мен Астанадағы спорт саласының шенеуніктері тарапынан жеткілікті назар аударылмай отырғанын сынға алды.

«Әдеттегідей, Лукастың жеңісіне Қазақстан БАҚ-тары да қызығушылық танытпады. Астанадағы спорт шенеуніктерінен де құттықтау болмады. Оны байқамай жүргендей. Ендеше, оны біз байқап, құттықтайық! Жарайсың, Ангелина! Тек алға! Лукастың келесі жекпе-жегі Қазақстанда өтеді. Оқиғаны бақылап отырамыз», – деп түйіндеді журналист.