Тоқаев күмән келтірген қазақша баламалар: филологтар қандай баға берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақша баламаларға күмән келтіруінен кейін филологтар «күйсандық», «қылтима», «үнқағаз» сияқты сөздердің тілдік табиғатын талқылады.
Фото: tilalemi.kz
Пианиноны «күйсандық», балконды «қылтима», газетті «үнқағаз» деп атау қаншалықты орынды? Қазақ тілін байытамыз деп, кейбір ұғымдардың мағынасын көмескілендіріп алған жоқпыз ба? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар қазақша баламаның сәттілігіне күмән келтірген соң, бұл мәселе қайта күн тәртібіне шықты. Stan.kz тілшісі филолог ғалымдардан аталған сөздердің тілдік табиғатын, аудармадағы олқылықтар мен терминология саласындағы түйткілдерді сұрады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Филолог Жанар Ибраеваның айтуынша, Президент атаған сөздердің барлығын бірдей жасанды немесе сәтсіз аударма деп бағалауға болмайды. Маман олардың арасында қазақ тілінің сөзжасам заңдылықтарына сай келетін, мағынасы түсінікті атаулар бар екенін айтады.
«Мысалы, “субұрқақ” сөзін алайық. Бұл – “су” және “бұрқақ” деген екі түбірден жасалған, мағынасы түсінікті, қазақ тілінің сөзжасам үлгісіне сәйкес келетін атау. “Желкөз” сөзінде де желдің өтуіне арналған терезе бөлігі деген бейнелі мағыналық уәж бар. Сондықтан бұларды тек жасанды деп жоққа шығаруға болмас», – деді ол.
Филолог «күйсандық» сөзін де сәтті жасалған баламалардың қатарына қосады. Оның пікірінше, бұл атау қазақы таным мен бейнелі ойлауға негізделген.
«Шынын айтқанда, “күйсандық” сөзінің жасалуында өрескел қате бар деп айта алмаймын. Бұл – қазақ тілінің бейнелі ойлау жүйесіне негізделген, сәтті жасалған баламалардың бірі деуге болады. Музыкалық аспап екенін бірден түсінеміз. Музыкалық әуенді бойына жинақтаған аспап деген бейнелі ұғым туындайды. Менің ойымша, бұл аударманы “сәтсіз аударма” деп айтуға ерте», – деді Жанар Ибраева.
Алайда тілтанушы Шұғыла Айтқазы кейбір атаулардың мағынасы бірден аңғарылмайтынын айтады. Оның пікірінше, «субұрқақ» пен «себезгі» сәтті жасалғанымен, «күйсандық», «үнқағаз», «қылтима» сияқты баламалардың мағыналық негізі күмән тудырады.
Шұғыла Айтқазының сөзінше, қазақ тіліндегі «субұрқақ» пен «себезгі» атаулары заттың қызметін дәл сипаттайды.
«Қазақ тілінің сөзжасам заңдылықтарына “субұрқақ”, “себезгі” сөздері сай келеді деп айтар едім. Қазақ тілінде “бетіне су бүркіді” дейміз. Яғни бетіне су шашу. “Субұрқақ” деген атау фонтанның қызметін дәл білдіріп тұр. “Жаңбыр себелеп тұр”, “себезгілеп су құйып тұр” деген тіркестерді алсақ, “себезгі” сөзі душтың қызметін дәл көрсетеді», – деді ғалым.

«Күйсандық» сөзіндегі «сандық» ұғымы пианиноның қызметін толық ашпайды деп есептейді. Оның пайымдауынша, қазақы түсінікте сандық – зат сақтауға арналған бұйым.
«Қазақтың танымындағы “сандық” сөзі бір нәрсе сақтау деген мағынада жүреді. Әртүрлі бұйым салып қоюға арналған үй жиһазы. Сондықтан “күйсандық” сөзі лексика-семантикалық тұрғыдан пианиноның мағынасын дәл бере алмайды деп ойлаймын. Бұл сөз плейлист деген ұғымға жақынырақ», – деді Шұғыла Айтқазы.
Ол «үнқағаз» атауы да газет ұғымын дәл жеткізбейді деп санайды.
«“Үнқағаз” сөзі де лексика-семантикалық тұрғыдан “газет” сөзінен алыс. “Үнқағаз” атауы нота парағын білдіретін тәрізді. Ал “қылтима”, “желкөз” сөздері ерсі естіледі, “жеделсаты” айтуға ыңғайсыз», – деді тілтанушы.
Балкон сөзінің орнына Шұғыла Айтқазы қытай қазақтары қолданатын «самалдық» атауын ұсынады. Оның пікірінше, бұл сөз балконның бастапқы қызметі мен табиғатын жақсырақ сипаттайды.
«“Балкон” сөзін қытай қазақтары “самалдық” деп айтады. Міне, осы сөз біздің тілдің табиғатына сай келеді деп ойлаймын. Әуелде балкон ашық күйде пайда болды емес пе? Яғни ол жерде самал болатыны бар», – деді ол.
Сондай-ақ маман «форточка» сөзінің түрік тіліндегі баламаларына тоқталды. Оның айтуынша, түрік тілінде бұл ұғымға қатысты «çift açılım», «menfez» сөздері қолданылады. «Menfez» араб тілінен енген, шығатын жер, тесік, арна немесе өткел деген мағынаны білдіреді.
Президент атаған сөздердің арасында халыққа бұрыннан таныс «қырыққабат» атауы да бар. Алайда Жанар Ибраеваның пікірінше, бұл сөзді жаңадан жасалған жасанды баламалармен бір қатарға қойып, бірдей бағалауға болмайды.
«“Қырыққабат” – жаңа жасалған жасанды балама емес, тілде орныққан атау. Сондықтан оны “күйсандық”, “қылтима” сияқты арнайы талқыланып жүрген жаңа терминдермен бір қатарға қойып, бірдей бағалау әдіснамалық тұрғыдан дұрыс емес. Сөздің табиғилығын тек құрамына қарап бағалау жеткіліксіз. Оның уақыт сынынан өтуі, халықтың қолданысына енуі және белгілі бір ұғымды тұрақты білдіруі де маңызды», – деді филолог.

Ал Шұғыла Айтқазы капустаның «орамжапырақ» деген баламасын да еске салды. Оның айтуынша, бұл атау көкөністің сыртқы сипатын дәл бейнелейді.
«Капустаның “орамжапырақ” деген атауы бар. Лексика-семантикалық тұрғыдан өзінің уәжін дәл білдіріп тұр. “Оралған жапырақ” деген мағына береді. Сондықтан терминдер мен атауларды біріздендіру кезінде мұны да ескеру қажет», – деді ол.
Мемлекет басшысы араб сөздерін орынсыз қолдану мәселесіне де тоқталды. Осыған қатысты филолог Айбатыр Сағынұлы кейбір діни ортада қазақ тіліндегі қалыптасқан сөздердің орнына арабша атауларды қолдану үрдісі байқалатынын айтып, әуес болмауға шақырды.
«Мәселен, “бауырым” деудің орнына “ахи”, “қарындасым” немесе “сіңлім” деудің орнына “ухти” деп сөйлейтіндер бар. Тіл білімінде сөз қолданысының негізгі өлшемдерінің бірі – оның коммуникативтік қажеттілігі мен мағыналық дәлдігі. Егер белгілі бір ұғымды қазақ тіліндегі қалыптасқан сөз толық әрі дәл жеткізсе, оның орнына басқа тілдегі баламаны қолданудың қажеттілігі жоқ. Себебі орынсыз кірме сөздерді көбейту түсіну жағын төмендетіп, ортақ коммуникацияға кедергі келтіруі мүмкін. Тілдің байлығы өзге тілден енген сөздердің көптігімен емес, қолданыстағы сөздердің мағыналық мүмкіндігін толық пайдаланып, оларды орнымен қолданумен өлшенеді. Сондықтан басқа тілден енген сөздерді қажеттілік болған жағдайда қолданған жөн, ал қазақ тілінде қалыптасқан баламасы бар ұғымдарды себепсіз алмастыруға әуес болмауымыз керек», – деді филолог Айбатыр Сағынұлы.
Мамандар қазақ тіліндегі барлық кірме сөзге міндетті түрде балама табу қажет деген пікірмен келіспейді. Олардың айтуынша, жаңа атау ұсынғанда оның қазақша болуына ғана емес, мағыналық дәлдігі мен қолданысқа қаншалықты қолайлы екеніне де назар аудару керек.
Жанар Ибраеваның пікірінше, тілдің дамуы басқа тілдермен байланыста жүреді. Сондықтан кірме сөздердің болуы – қалыпты құбылыс.
«Тілдің байлығы тек төл сөздердің санымен өлшенбейді. Әлемдегі барлық тілдер бір-бірімен байланыста дамиды, бір тілден екінші тілге сөз ауысуы – табиғи құбылыс. Менің ойымша, кейбір кірме сөздерді өз тілімізге “сындырған” дұрыс. Бірақ әр кірме сөзге балама табудан бұрын, сол сөздің қолданысқа енуі қаншалықты тиімді екенін зерттеген жөн», – деді филолог.
Ал Шұғыла Айтқазы жаңа атау іздегенде алдымен қазақ тілінің ішкі мүмкіндігін, одан кейін туыстас түркі тілдерін қарастыру қажет деп есептейді.
«Барлық кірме сөзге балама табу емес, әуелі қазақтағы бар сөзден атау беріп көру керек. Егер қазақ тілінде заттың немесе ұғымның дәл мағынасын ашатын сөз кездеспесе, туыстас тілдерден іздеп көру қажет. Кейін оны өз тіліміздің үндестігіне сай икемдеуге болады. Егер ол сөз түркі тілінде де, қазақ тілінде де кездеспесе, терминді сол күйі қалдыруға болады. Бұл туралы Алаш қайраткерлері де айтып кеткен», – деді тілтанушы.

Атау ұсыну мен термин жасауда Алаш қайраткерлерінің де өзіндік ұстанымдары болған. Олар алдымен қазақ тілінің төл мүмкіндігін пайдалануды, ал қажетті атау табылмаған жағдайда туыстас түркі тілдеріне жүгінуді ұсынған.
Мәселен, 1924 жылдың маусымында Орынборда өткен Қазақ ғылыми қызметкерлерінің бірінші съезінде Елдес Омарұлы «Қазақша пән сөздер» тақырыбында баяндама жасап, термин жасаудың негізгі қағидаттарын түсіндірген. Оның ұстанымына сәйкес, пән сөздері алдымен қазақтың өз тілінен алынуы керек. Жаңа сөз жасағанда түбірге жұрнақ жалғау арқылы атау қалыптастыруға болады, алайда жұрнақтарды тіл заңдылығына сай таңдау қажет. Ал қазақ тілінен қажетті атау табылмаса, оны басқа түркі халықтарының тілдерінен іздеп, бөтен тілдердің ықпалына ұшырамаған, түркіге ортақ сөздерді қабылдауға болады.
Шұғыла Айтқазының пікірінше, Алаш қайраткерлері ұстанған бұл қағидаттар қазіргі терминология саласы үшін де маңызды. Ол жаңа атауларды қолданысқа енгізбес бұрын тіл мамандары мен терминологиялық комиссияның талқылауынан өткізіп, кейін халыққа ұсыну қажет екенін айтады.
«Әуелі тіл мамандары қарастырып, терминологиялық комиссия бекітіп, халыққа ұсыну қажет. Халық қабылдады ма, жоқ па, ол кейін белгілі болады. Тіл – тірі организм. Үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Бірде сөз мағынасы кеңейсе, бірде тарылады», – деді тілтанушы.
Қазақстанда жаңа терминдерді талқылау мен бекітудің арнайы жүйесі бар. Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған атаулар Termincom.kz электрондық базасына енгізіледі. Платформада бекітілген терминдермен қатар, қолданыстағы салалық сөздіктер мен талқылауға ұсынылған жаңа атаулар да жарияланады.
Сайт пайдаланушылары терминдерге қатысты өз пікірін білдіріп, балама ұсына алады. Ол үшін тіркеліп, арнайы талқылау алаңына өту қажет. Жұртшылықтан түскен ұсыныстар кейін комиссия отырысында қаралады.
Демек, жаңа атауды ұсыну мен оны ресми түрде бекіту – екі бөлек үдеріс. Сөздің терминологиялық базаға енуі үшін оның тілдік заңдылығы ғана емес, салалық мағынасы мен қолданысқа жарамдылығы да ескерілуі керек.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та терминологиядағы жүйелілік мәселесіне назар аударды. Ол 2026 жылғы 10 қарашада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөйлеген сөзінде тіл ғылымына қатысты баршаға қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысының пікірінше, бұл жұмысты кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдері бірлесіп атқаруы керек. Осы мақсатта арнайы жұмыс тобын құрып, оның қызметін Президент Әкімшілігі үйлестіруі ұсынылды.

Сондай-ақ Президент электрондық сөздіктерді әзірлеп, үнемі жаңартып отырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілінің өзге тілдермен байланысын нығайту үшін көптілді сөздіктерді де дамыту қажет.
Бұл ұсыныстар терминдерді біріздендіру, олардың мағынасын нақтылау және халыққа қолжетімді ету мәселесінің мемлекеттік деңгейде де маңызды екенін көрсетеді.
Жанар Ибраева термин жасау ісінде тіл мамандары мен салалық сарапшылардың бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін айтады. Оның пікірінше, жаңа сөздің қазақша болуы жеткіліксіз, ең бастысы – мағынасы дәл әрі халыққа түсінікті болуы керек.
«Кейде біз қазақша сөз жасауға қатты мән беріп, оның мағыналық дәлдігін екінші орынға ысырып қоямыз. Терминнің негізгі міндеті – белгілі бір ғылыми немесе қоғамдық ұғымды дәл жеткізу. Егер жаңа атау қазақша болғанымен, халыққа түсініксіз болса немесе ұғымның мазмұнын толық ашпаса, оның тиімділігі төмендейді», – деді ол.
Филолог термин жасау бір ғана мекеменің немесе жеке маманның міндеті емес екенін атап өтті. Бұл іске бірнеше сала өкілінің қатысуы қажет.
«Тіл маманы сөздің құрылымы мен мағынасын саралайды, салалық маман ұғымның мазмұны мен дәлдігін тексереді, ал аудармашы оның қолданысқа қолайлылығын бағалайды. Соңында қоғамның қабылдауы да ескерілуі керек. Бізге терминологиялық жарыс емес, терминологиялық жүйелілік керек. Қазақша сөздің көп болуы емес, әр сөздің орнымен, дәл әрі табиғи қолданылуы маңызды», – деді Жанар Ибраева.
Мамандар кейбір сәтсіз аудармаларды қайта қарау қажет екенін айтады. Алайда бұрыннан қалыптасқан сөздерді түгелдей өзгертуге асықпау керек. Өйткені жаңа атаудың өміршеңдігін оны халықтың қаншалықты қабылдағаны көрсетеді.
«Тілге жаңа сөз енгізу оңай, ал оны халықтың тіліне айналдыру қиын. Сондықтан терминді кабинетте бекіту жеткіліксіз, оның өміршеңдігін қолданыс анықтайды», – деді Жанар Ибраева.
Ал Шұғыла Айтқазы қазақ тілінің сөздік қорын байыту үшін оның ішкі мүмкіндігін кеңінен пайдалану керегін айтады. Сонымен бірге ол жастар арасында кең тараған кейбір жаргон сөздерге де тоқталды.
«Бүгінде жастар тілі шұбарланып бара жатыр. Мысалы, “рофл”, “кринж”, “жб”, “краш”, “пикми” сияқты сөздерді алайық. Бұлардың мағынасын беретін қазақ тілінде балама сөздер мен тұрақты тіркестер көп. Ал тілді қолдан қиындату дегеніміз – қазақта бар сөзді пайдаланбай, орнына осындай қисынсыз сөздерді қолдану», – деді тілтанушы.
Оның пікірінше, тілдің басты қызметтерінің бірі – адамдардың бір-бірін түсінуіне мүмкіндік жасау. Сондықтан сөз қолданысында түсініктілік пен ортақ ұғымның сақталуы маңызды.
«Тілдің басты бір қызметі – коммуникативтік қызмет. Яғни халық бір-бірін түсіне алуы қажет. Ал бір ұрпақтың екінші ұрпаққа түсініксіз тілде сөйлеуі – тілге жасалған қиянат», – деді Шұғыла Айтқазы.
Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы қазақ тілін дамыту барысында орынсыз жасанды сөзжасамға жол бермеу керегін айтқан еді. Ол «күйсандық» (пианино), «қылтима» (балкон), «субұрқақ» (фонтан), «себезгі» (душ), «қырыққабат» (капуста), «үнқағаз» (газет), «жеделсаты» (лифт), «желкөз» (форточка) сияқты атауларға тоқталып, олардың қажеттілігіне күмән келтірген болатын. Президенттің пікірінше, мұндай жасанды баламалардың бәрін бірдей қолданысқа енгізудің қажеті жоқ.
