Тоқаев: Сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі, бірақ ешнәрсе жасырылмайды
Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлық статистикасын атап, ахуалдың күрделі екенін, бірақ ешнәрсе жасырылмайтынын мәлімдеді. Соңғы үш жылда 3 168 құқық бұзушылық тіркелген.
Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар статистикасына тоқталып, бұл бағыттағы жағдайдың күрделі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы жемқорлықпен күрес барысында ешқандай ақпарат жасырылмайтынын және қабылданған шаралар халыққа ашық көрсетілетінін айтты.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Президенттің сөзінше, соңғы үш жылда елімізде 3 168 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық анықталған. Оның басым бөлігін мемлекеттік қызметшілер жасаған.
«Тек соңғы үш жылдың ішінде, яғни 2023 және 2025 жылдар аралығында 3 168 сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылық анықталды, соның ішінде 2 165 құқық бұзушылықты мемлекеттік қызметшілер жасаған, ал қалғанын басқа да тұлғалар, атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор қызметшілері жасаған. Жалпы сомасы – 248,2 миллиард доллардан асады».
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылдың алғашқы он айындағы көрсеткіштерді атады. Осы кезеңде 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық тіркелген. Оның 546-сын мемлекеттік қызметшілер, 205-ін өзге тұлғалар жасаған.
«Осы жылдың он айы ішінде 751 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасалған, соның 546-сын – мемлекеттік қызметшілер, ал 205-ін өзге де тұлғалар жасаған, соның ішінде квазимемлекеттік сектор қызметшілері де бар».
Мемлекет басшысы келтірілген статистика елдегі сыбайлас жемқорлық ахуалының әлі де күрделі екенін көрсететінін атап өтті. Сонымен қатар бұл мәселені жасырып қалуға немесе оған көз жұма қарауға болмайтынын жеткізді.
«Осы статистикадан көріп отырғанымыздай, еліміздегі сыбайлас жемқорлық ахуалы күрделі болып тұр. Бірақ біз ешнәрсені де жасырмаймыз, басын құмға тыққан страустың кейпіне түспейміз».
Президент жемқорлықпен күрестегі ашықтықтың маңызын да ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл бағытта қабылданған және алдағы уақытта қолға алынатын шаралар туралы халық толық ақпарат алып отыруы керек.
«Біз осы саладағы мәселенің бәрін ашық айтамыз, жемқорлықты жою үшін қабылданған және қабылданатын шаралар туралы да ешнәрсені жасырмай, барлығын халыққа ашық көрсетіп отырамыз».
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев түрлі деңгейдегі басшыларға қатысты жымқыру фактілерін тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Бұл іспен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірлесіп айналысады.
«Сол себепті түрлі деңгейдегі басшылардың жымқыруға қатысты құқық бұзушылықтарын Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі Бас прокуратурамен бірге жедел және жіті тексереді».
«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды. Біз бәріміз де осы заңға бағынуымыз керек».
