Дариға Бадықова Олжас Абаймен қарым-қатынасы қалай басталғанын айтты
Дариға Бадықова Олжас Абаймен қарым-қатынасы екі фильмнен кейін басталғанын, алғашқы некесі аяқталмай тұрып көңіл жарастырды деген қауесетті жоққа шығарғанын айтты.
Фото: видеодан скриншот
Танымал актриса Дариға Бадықова қазіргі жұбайы Олжас Абаймен алғашқы некесі аяқталмай тұрып қарым-қатынас бастады деген қауесетке қатысты пікір білдірді. Өнер иесі ел арасында тараған әңгімеге жауап беріп, екеуінің арасындағы қарым-қатынастың қалай басталғанын баяндады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Актрисаның айтуынша, Олжас Абаймен алғаш танысқан кезде олардың арасында махаббат сезімі болмаған. Қарым-қатынастары бірге түскен екі фильмнен кейін ғана басталған. Ол кезде Дариға бұрынғы жұбайынан бөлек кеткенін айтады.
«Біз алғаш кездескенде махаббат деген сияқты ешнәрсе болған жоқ. Көбісі солай қорытты, солай шешті. Ал бізде ондай ешнәрсе болған жоқ. Екі кинодан кейін басталды. Мен ол кезде бөлек кетіп қалған адаммын. Арамыз жақсы болып жүрген кездері Олжастың маған берген сақиналары көп. Міне, үйленемін-ау деп сақина сыйлап қояды. Қайта-қайта ренжісіп қаламыз. Соңғы уақытта «Екі жаққа кетейік, ешнәрсе шықпайды, ырду-дырду болып жүреміз бе?» деп мен кетіп қалдым. Содан шетелге жол жүріп кеттім», – дейді актриса.
Дариға Бадықова Дубайда жүрген кезінде Олжастан хат алғанын да еске алды. Ол актрисаға сағынғанын айтып, елге қашан оралатынын сұраған. Дариға хабарламаға бірден жауап бермей, бірнеше сағаттан кейін ғана қайтқан.
Елге оралған соң Олжас Абай қолына сырға ұстап қарсы алып, оған үйленуге ұсыныс жасаған. Осылайша, екеуі шаңырақ көтеруге шешім қабылдаған.
