Жамбыл облысында оқушы аяусыз соққыға жығылып, жансақтау бөліміне түсті
Фото: Видеодан скрин
Жамбыл облысында 14 жастағы жасөспірім қатарласының соққысынан кейін комаға түсті. Оның жансақтау бөлімінде жатқанына екі тәулік болған. Дәрігерлер баланың миы мен өкпесі ісінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Оқиға Бірлесу-Еңбек ауылындағы клуб маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 11-сынып оқушысы 9-сынып оқушысының кеуде тұсынан бірнеше рет ұрған. Соққыдан кейін жасөспірімнің жүрегі тоқтап, дәрігерлер оны қайта тірілткен.
Қазір бала медикаментозды комада жатыр, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жағдайы өте ауыр болғандықтан, оны әзірге қалаға тасымалдау мүмкін емес.
Полиция оқиғаға қатысқан балалардың барлығы ұсталғанын хабарлады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
