Алматыда тапанша мен оқ-дәрі ұстаған әйел қолға түсті (ВИДЕО)
Фото: instagram.com/almaty.police видеосынан скрин
Алматыда тапанша мен бес оқ-дәрі табылған әйел ұсталды. Оның айтуынша, қаруды Есентай өзенінің маңындағы қоршаудан тауып алған, деп хабарлайды Qazaqtoday.info қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері Жетісу ауданындағы Райымбек даңғылында әйелді ұстаған. Оның жанынан калибрі 9 миллиметрлік тапанша мен бес патрон табылған. Қару мен оқ-дәрілер тәркіленді.
«Ұсталған әйелдің айтуынша, тапаншаны ұсталғанға дейін бір-екі сағат бұрын тауып алған. Оның сөзінше, қару Есентай өзеніне түсетін жердегі бетон қоршаудың үстінде жатқан», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Полицияның баспасөз қызметі бұл мәліметті тексеру қажет екенін атап өтті. Әйелдің әрекетіне құқықтық баға беріледі.
