Қостанай облысында екі жүргізуші 15 тәулікке қамалып, 7 жылға құқығынан айырылды
Қостанай облысында мас күйінде көлік басқарғаны үшін екі ер адам 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сот оларды кінәлі деп таныды.
Сурет: pexels.com
Қостанай облысында алкогольдік мас күйінде көлік басқарғаны үшін екі ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрқайсысы 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Өңірлік соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, Бейімбет Майлин ауданында екі әкімшілік іс қаралған. Е. есімді азамат өзіне тиесілі Chevrolet Nexia автокөлігін басқару құқығын К. есімді азаматқа бергені үшін сотқа тартылды. Ал К. көлікті алкогольдік мас күйінде басқарғаны үшін жауапқа тартылған.
«Красносельское ауылында Е. өзіне тиесілі автокөлікті алкогольдік мас күйінде болған К.-ға басқаруға берген. Сот отырысында Е. кінәсін мойындамай, К.-ның мас болғанын білмегенін түсіндірді», – делінген сот хабарламасында.
Алайда сот көлік иесінің жүргізушінің мас болғанын білмедім деген уәжін негізсіз деп таныған. Соттың түсіндіруінше, автокөлік иесі көлік басқару құқығын басқа адамға бермес бұрын оның алкогольдік мас күйінде емес екеніне көз жеткізуге міндетті.
Нәтижесінде екі ер адам да кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына 15 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.
