Қазақ өнерінде уақыттың өзін жіппен өріп, ұлттық жадты бояу мен өрнек арқылы сөйлете білген суретшілер бар. Солардың бірі – Батима Зәуірбекова. Оның шығармашылығында қазақ даласының кең тынысы, ананың мейірімі, әйелдің нәзіктігі, табиғаттың тылсымы, ұлттық ою-өрнек пен ұрпақтар сабақтастығы бір-бірімен астасып жатады.
Биыл Қазақстанның көрнекті суретшісі, қазақ гобелен өнерінің қалыптасуына айрықша үлес қосқан Есмұратқызы Батима Зәуірбекованың туғанына 80 жыл толып отыр.
Qazaqtoday.info агенттігінің тілшісі қазақ әйелдері мен қазақ елінің тұрмысын тоқыма арқылы танытқан суретшінің шығармашылығымен танысып қайтты.

Фото: muztaumedia.kz
Осы мерейтойға орай Қазақстан Республикасының Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде «Мұра жіптері» (Нити наследия) атты көлемді ретроспективалық жеке көрме өтті. Экспозиция 2026 жылғы 25 қыркүйектен 8 қарашаға дейін жалғасып, суретшінің жарты ғасырдан астам шығармашылық жолын қамтитын 80-нен астам гобелен, кескіндеме және графикалық туындысын ұсынған.
Бұл – жай ғана мерейтойлық көрме емес. Бұл – қазақ гобеленінің қалыптасу тарихына қайта үңіліп, ұлттық өнердің өткеннен бүгінге қалай жеткенін көруге мүмкіндік беретін ерекше мәдени жоба.
Қазақ гобеленінің қалыптасуына үлес қосқан суретші

Фото: muztaumedia.kz
Батима Зәуірбекованың есімі Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнері тарихында айрықша орын алады. Ол – Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Отан» орденінің кавалері, Шоқан Уәлиханов атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі. Суретші қазақ гобеленінің кәсіби мектебі қалыптасқан кезеңде шығармашылық жолын бастап, осы өнердің дамуына өзіндік қолтаңбасын қосты.

Фото: muztaumedia.kz
Гобелен – жай ғана қабырғаға ілінетін кілем емес. Ол – суретті бояумен емес, жіппен тоқып жасайтын өнер туындысы. Қазақстанда бұл өнер XX ғасырдың екінші жартысында ерекше қарқын алып, дәстүрлі кілем тоқу, киіз басу, ұлттық ою-өрнек мәдениеті заманауи бейнелеу өнерінің тілімен тоғысты. Батима Зәуірбекованың шығармашылығы дәл осы тоғыстың айқын мысалы. Оның туындыларынан қазақтың дәстүрлі өрнегі мен заманауи композиция, адам бейнесі мен табиғат, геометриялық ырғақ пен философиялық ой қатар көрінеді. Суретшінің өзіндік көркемдік тілі ұлттық дәстүрді қайталамайды, оны жаңа сипатта сөйлетеді.
Ана, әйел және ұрпақтар сабақтастығы
Батима Зәуірбекованың шығармашылығында әйел бейнесінің орны ерекше. Музейдің ғылыми қызметкері, Ақбота Адимхожинаның сөзінше, суретші үшін әйел – жай ғана көркем образ емес. Ол – отбасының ұйытқысы, аналық мейірімнің, махаббаттың, өмір жалғастығының және ұлттық дәстүрдің символы.

Фото: muztaumedia.kz
— Бұл идея оның көптеген шығармаларынан байқалады. Ана мен бала, отбасы, әйелдің ішкі әлемі, ұрпақтар байланысы арқылы суретші жеке адамның тағдырын тұтас халықтың мәдени жадымен байланыстырады. Осы тұрғыдан алғанда, «Мұра жіптері» атауы да кездейсоқ таңдалмаған. Гобелендегі әрбір жіп жеке тұрған кезде бөлек элемент болып көрінеді. Ал жүздеген, мыңдаған жіп бірігіп, тұтас бейнеге айналады. Зәуірбекованың өнері де дәл сондай: өткен мен бүгін, дәстүр мен жаңашылдық, жеке адамның сезімі мен халықтың тарихи жады бір-бірімен жіптей өріліп жатады. Көрмеге суретшінің сексеннен астам туындысы қойлыған, -деді өнертанушы.
Үш зал – біртұтас көркем әңгіме
Көрмені ұйымдастырушылардың сөзінше, шығармашылық өнер туындылары үш залға бөлінген.
Алғашқы залда суретшінің шығармашылығы қазақтың дәстүрлі өнерімен сабақтастықта көрсетіледі. Экспозиция музейдің тұрақты коллекциясындағы кілемдер, әшекейлер, интерьер бұйымдары, ат әбзелдері секілді сәндік-қолданбалы өнер үлгілерімен үндеседі. Залдың орталық элементі – сәулеттік пішіні Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің образын еске салатын павильон. Бұл образ суретшінің шығармашылығында да бірнеше рет көрініс тапқан. Мұнда Заурбекованың алғашқы кезеңдегі еңбектері қойылып, қазақ ою-өрнегінің, ұлттық образдардың және халықтық өнердің суретші шығармашылығына қалай әсер еткені көрсетіледі.
Екінші залда суретшінің көркемдік ізденістері кеңінен ашылады. Мұнда туындылар бірнеше тақырыптық және стильдік бағытқа бөлінген. Көрермен шығармаларды бір ғана ракурстан емес, әртүрлі қырынан қабылдай алады. Музыка да экспозицияның маңызды бөлігіне айналған. Ол туындылардың эмоционалдық және мәдени мазмұнын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді.
Ал үшінші зал – әйел бейнесіне арналған.
Кеңістіктің ортасында төбеден ілінген шаңырақ орналасқан. Оның айналасында ұлттық киімдегі қазақ әйелдерінің портреттері қойылған. Шаңырақ – үйдің, бірліктің, отбасының және өмірдің жалғасуының символы болса, оның айналасындағы әйел бейнелері осы ұғымдарды адам болмысы арқылы ашады. Бұл жерде көрермен суретші туралы деректі фильмді көріп, архивтік фотосуреттермен таныса алады. Тіпті арнайы оқу станогында гобелен тоқу процесін өз қолымен байқап көруге мүмкіндік беріледі.

Фото: muztaumedia.kz
«Простордан» «Материнствоқа» дейін
Экспозицияда суретшінің әр жылдардағы шығармашылық ізденісін көрсететін маңызды туындылар бар. Солардың қатарында «Простор» (1976), «Мать-Земля» (1984), «Материнство» (2004) секілді гобелендер бар. Бұл жұмыстардың әрқайсысы Зәуірбекованың шығармашылық эволюциясының белгілі бір кезеңін көрсетеді. Бірінде қазақ даласының кеңдігі сезілсе, енді бірінде жер мен адам арасындағы байланыс көрініс табады. Ал ана тақырыбы суретшінің шығармашылығындағы мәңгілік құндылықтарды алдыңғы қатарға шығарады.
Гобелендермен қатар көрмеге суретшінің кескіндемелік және графикалық жұмыстары да қойылған. Олар Заурбекованың бояуды сезіну қабілетін, нәзік лирикалық образдар жасау шеберлігін танытады.
«Нағыз суретшінің жүрегі таза болуы керек»
Батима Зәуірбекованың шығармашылығы туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков те кезінде жоғары бағасын берген.
Ол суретшінің өнерге адалдығын, түстер мен реңктерді үйлестірудегі ерекшелігін атап өтіп, Батиманың ұлттық рухпен суарылған көптеген жаңа туынды жасайтынына сенім білдірген. Бұл пікір суретшінің шығармашылығының басты ерекшелігін дәл аңғартады. Өйткені Зәуірбекованың туындыларында сыртқы сәннен бұрын ішкі тазалық, адамға деген құрмет, табиғатпен үндестік және ұлттық жадыға деген жауапкершілік сезіледі.

Фото: muztaumedia.kz
Өнердің шекарасы жоқ
Батима Зәуірбекованың еңбектері Қазақстанмен ғана шектеліп қалған жоқ. Оның шығармалары Франция, Түркия, Италия, Швейцария және басқа да елдерде көрмеге қойылды. Туындылары мемлекеттік музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы.
Алайда «Мұра жіптері» көрмесінің ерекшелігі – суретшінің шығармаларын алғаш рет осындай ауқымда бір кеңістікке жинақтап, оларды оның өмірбаяны мен шығармашылық эволюциясы аясында көрсетуінде.
Экспозицияда 1970 жылдардағы алғашқы жұмыстардан бастап соңғы жылдардағы туындыларға дейінгі ұзақ жол қамтылады. Эскиздер, архивтік суреттер мен бейнематериалдар суретшінің шығарманы қалай дүниеге әкелетінін де көрсетеді. Сондықтан көрермен дайын туындыны ғана емес, сол туындының артындағы уақытты, еңбекті, ізденісті және шығармашылық ойды көре алады.
Өткеннің жібі бүгінге жалғасады
Батима Зәуірбекова бүгінде де шығармашылықпен айналысып, жаңа туындылар жасап келеді. Оның өнері – музей қабырғасында қатып қалған өткеннің естелігі емес. Керісінше, ұлттық мәдениеттің бүгінгі күнмен сөйлесе алатынын көрсететін тірі құбылыс. Музейдің ғылыми қызметкері, Ақбота Адимхожина суртешінің анасы да асқан шебер, тоқымашы болғанын айтады.
«Мұра жіптері» көрмесінің негізгі идеясы да осында.
Ұлттық мұра – өткенде қалған дүние емес. Ол әр буынның қолында қайта жаңғырып, жаңа мазмұнмен толығып отырады. Бір жіп екіншісіне жалғанып, ақырында тұтас гобеленге айналатыны секілді, мәдениет те ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, уақыттың өзінен үлкен көркем шежіре қалыптастырады. Батима Зәуірбекованың өнері – сол шежіренің бірегей тарауларының бірі.
Ал «Мұра жіптері» – сол жіптердің қайдан басталып, бүгінге қалай жеткенін көрсететін ерекше көркем сапар.
