Жетеуі іздестіріліп жатыр: Министрлік Маңғыстаудағы жайтқа қатысты мәлімдеме жасады
Фото: istockphoto.com
Маңғыстау облысында өткен әскери оқу-жаттығу кезінде тоғыз әскери қызметші қаза тапты. Тағы жеті адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Қайғылы оқиға туралы ақпаратты Қазақстанның Қорғаныс министрлігі ресми түрде растады, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Ведомство мәліметінше, 24 қыркүйекте Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, қатты жел салдарынан бір топ әскери қызметшіні теңізге алып кеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, барлығы 19 әскери қызметші суға түскен.
Олардың тоғызы қаза тапты. Үш әскери қызметкер құтқарылып, біреуі ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта тағы жеті адамды іздеу жұмыстары жүріп жатыр.
Іздестіру-құтқару операциясына Әскери-теңіз күштерінің бөлімшелері, Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылған.
Оқиға орнына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия аттанды. Комиссия қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтап, іздестіру жұмыстарын үйлестіреді.
Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, олардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлімдеді.
