Әлемдік AI индустриясының көшбасшысы Дженсен Хуанг Қазақстанға ат басын бұрмақ
Фото: digitalbusinesskazakhstan парақшасынан
NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг алғаш рет Қазақстанға келеді. Ол 23 қазанда Астанада өтетін AI Month айлығының арнайы қонағы болады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Министрдің айтуынша, Дженсен Хуанг Қазақстанға арнайы шақырумен келеді.
«NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг біздің шақыруымызбен Қазақстанға алғаш рет келіп, Астанадағы AI Month айлығының арнайы қонағы болады», – деп жазды Жаслан Мәдиев.
Astana Hub қолдауымен өтетін AI Month жасанды интеллект саласындағы мамандарды, әзірлеушілерді, стартаптарды, зерттеушілер мен технологиялық индустрия өкілдерін бір алаңға жинайды. Айлық 23 қыркүйекте HackAlem AI хакатонымен басталып, 23 қазанға дейін жалғасады.
1 қазанда Жасанды интеллект жөніндегі кеңестің отырысына NVIDIA компаниясының физикалық жасанды интеллектіні модельдеу жөніндегі вице-президенті Рев Лебаредян қатысады. Ал 2-3 қазанда Астанада AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтеді.
AI Month 23 қазанда Дженсен Хуангтың қатысуымен қорытындыланады. Халықаралық alem.ai орталығында Жаслан Мәдиев пен NVIDIA басшысы fireside chat форматында кездесіп, жасанды интеллектінің болашағы, әлемдік технологиялық үрдістер, мамандар даярлау және Орталық Еуразияның мүмкіндіктерін талқылайды.
«Біздің мақсатымыз Қазақстанды Орталық Еуразиядағы ЖИ таланттары тоғысатын, озық идеялар жаһандық нарыққа шығатын орталыққа айналдыру. Ол үшін Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мамандар даярлап, технологиялық кәсіпкерлікті қолдап, қажетті инфрақұрылымды дамытып келеміз.
Дженсен Хуанг секілді көшбасшылармен тікелей диалог жас әзірлеушілерге тың мүмкіндіктер ашып, идеяларын нақты өнімге айналдыруға серпін береді», – деді Жаслан Мәдиев.
Айта кетейік, NVIDIA – жасанды интеллектке арналған есептеу технологиялары мен графикалық процессорлар бағытындағы әлемдік жетекші компаниялардың бірі. Дженсен Хуанг компанияны 1993 жылы құрған және содан бері оның бас директоры қызметін атқарып келеді.
